
Заманауи қазақстандық өнерпаз, ORTA арт-тобының (2017 жылдан бастап) мүшесі, TheMountBird (2014 жылдан бері) студиясының негізін қалаушылардың бірі. Оның шығармашылығы графика, видео, анимация, инсталляция, перформанс және көркемдік қойылымдардан тұрады. А.Бакановтың негізгі шығармашылық әдістері — метафора, ойын, наив, ирония және нарратив. Негізгі идеялары — жад, ұжымдық кімдік, тіл, аңыз, күнделікті өмір, өлім және қасиет.
А.Баканов Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясында (ҚазГАСА, дизайн бөлімі, Алматы, 1997-2002 жылдар) білім алған. Оқуды тәмамдағаннан кейін академиядағы шеберлік сыныптарына қатысып, техникалық қолдау көрсеткен («Жаңа мифология» заманауи өнер бойынша шеберлік сыныбы, Қарағанды, 2004). 2002 жылы СЦСИ «Инвентаризация» видео және медиа-арт фестивалі халықаралық қазылар алқасының бірінші жүлдесін жеңіп алды (А. Петуховамен бірлесіп). ORTA құрамында болғанда Курехин атындағы жүлденің Гран-Приіне 2 рет ұсынылған (2016, 2018).
А.Баканов музыкалық клиптер жасайды (Mujuice «Қар», 2009) және қазіргі орындаушылардың электрондық тректеріне видео-анимациялар дайындайды (Константин Тимошенко/Help Me Jones, “People Are Just Meat”, 2009). Оның графикасы наив стиліндегі қарапайым жанрлық көріністерден тұрады («Нотариуста», 2019) әрі ол комикс форматына ұқсайтын фразалар мен тіркестерге негізделген («Александр өз-өзін айнадан танымайды», 2019). ORTA арт-тобында ол сахналық көркемдеу, костюмдер және жарық бойынша инженер-өнерпаз болды. Ол Сергей Калмыковтың мұрасына және менталдық денсаулық мәселесіне арналған театрлық сахналық көріністі еске түсіретін кең көлемді инсталляциялар жасайды («Сергей Калмыковтың жарық қойылымы», Всеволод Мейерхольд атындағы орталық, Мәскеу, 2018). ORTA-ның басқа перформатив инсталляциясы ғылыми, көркемдік, рухани және зерттеу орталығына пародия ретінде әрекет етеді («ЛАЙ-ПИ-ЧУ-ПЛИ-ЛАПА Жаңа данышпандық орталығы», Spazio Arco, 59-шы Венеция биенналесі, 2022).
А.Бакановтың жұмыстары: «Алматылық китч» («Look» галереясы, Алматы, 2000), «Инвентаризация» видео-арт фестивалі (Неміс театры, Алматы, 2002), «El arte contemporaneo de Asia Central como estrategia politica» (CANAIA галереясы, Мехико, 2004), «Қазақстан видеоарты» танытымы (Bockenheimer депосы, Франкфурт, 2004), «“Медея. Материал” поп-механикалық спектаклі» (NET фестивалі, Мәскеу, 2016), «Жаңа драма» (Всеволод Мейерхольд атындағы орталық, Мәскеу, 2018), 59-шы Венеция биенналесі (Венеция, 2022) сынды Қазақстан мен шетелде өткен жобаларда бой көрсетті.
А.Баканов туралы ақпарат Сорос-Алматы қоры Заманауи өнер орталығы (СЦСИ) мұрағаты — «Documentation» жобасы коллекциясында сақталған.
Суретті ұсынған — Александр Баканов