Category:
Bio
Александр Осипов (Тотур, TOTUR)
Year
19.04.1959
Place of birth
Лазо станциясы, Приморье өлкесі

Қазақстанның заманауи суретшісі, кескіндеме және графика шебері.

Жұмыстарындағы негізгі тәсілдер: детальдау, мозаика, геометриялау, символизм, аллегория.

Негізгі тақырыптар: сенім, дін, миф, мистика, метафизика.

А. Осипов қазіргі Орал Таңсықбаев атындағы сәндік-қолданбалы өнер колледжінде (Станоктық кескіндеме және өнеркәсіп графикасы бөлімі, 1976–1980) және Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында (өнеркәсіптік графика бөлімі, 1981–1986) оқыған.

Суретшінің өз сөзімен айтсақ, оның кескіндеме және графика жұмыстары «метафизикалық реализм» мәнерінде салынған және Павел Филоновтың аналитикалық өнерін еске салады.

А.Осиповтың мұндай ерекше көркемдік әдісі дін мен сенім тақырыбын қозғағанда, жұмыстарына метафоралық тереңдік береді («Қасиетті Үштік. Қонақтар» 1995, «Будданың езу тартуы» 2014), әпсаналар мен мифтерді жаңаша сараптайды («Еуропаны ұрлау» 2012, «Балықшы туралы әпсана» 2010) және күнделікті өмірден алынған сюжеттерді аллегориялық сипатпен байытады («Махаббат пен күнә аллегориясы» 2012-2014, «Балалық шақтан» 2013).

Аналитикалық ойлау қабілеті суретшіге қалыпты өмір аясынан шығып, мистика кеңістігіне енуге мүмкіндік береді («Басқа есік» 1996, «Алаңға басып кіру» 1995, «Қара үңгірдегі үстел» 2017).

А. Осиповтың көркемсуреттері Қазақстанда және шетелде қойылды: «Жігер. XI Республикалық жас суретшілер көрмесі» (Қазақстан Суретшілер одағының Көрме залы, Алматы, 1982), «Александр Осипов пен Шамиль Гулиев» («Искандер» галереясы, Алматы, 1994), «Галереялар парады» (ҚР Ә. Қастеев атындағы МӨМ, Алматы, 1996), “Nomadic myths: Works on Paper by Contemporary Artists of Kazakstan” («District of Columbia Arts Center», Вашингтон, 1997), «Мост» галереясының көрмелері (Алматы, 1997–1998), “Sari-Arka. Contemporary Art From The Kazakh Steppes” көрмесі («Charles Sumner School Museum», Вашингтон, 1998), Сорос қоры заманауи өнер орталығының «Өзіңді тану: болашаққа болжам» атты 1-ші жыл сайынғы көрмесі («Москва» дүкені, Алматы, 1998), «Тенгри-Умай» халықаралық фестивалі (Алматы, 2002).

А. Осипов туралы ақпарат «Documentation» жобасының коллекциясында — Алматыдағы Сорос қорының заманауи өнер орталығында сақтаулы.

Суретті ұсынған — Александр Осипов