Category:
Bio
Алмагүл Меңлібаева
Year
29.11.1969
Place of birth
Алматы, Қазақстан

Заманауи қазақстандық өнерпаз және кинорежиссер. Оның жұмыстарының қатарында көпарналы видеолар, фотосуреттер, аралас техникадағы инсталляциялар мен перформанстар бар. А.Меңлібаеваның жұмыстарындағы негізгі әдістер: символизм, сюрреализм, футуризм, аллегория. Негізгі тақырыптары: жаһандану, футуризм, жад, мәдени кімдік және билік.

А.Меңлібаева ҚР Суретшілер одағының мүшесі Ғани Баянов (1985-1986 жылдар) және Сергей Маслов (1986-1987 жылдар) сынды қазақстандық өнерпаздардан кескіндеме өнерін үйренген. Кейін ол Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында (сәндік-қолданбалы өнер бөлімі, Алматы; 1987-1992 жылдар) білім алған. А.Меңлібаева оқу кезінде «Жасыл үшбұрыш» және «Төртеу акциясы» (1988-1990 жылдардың арасы) сынды арт-топтардың қатарында болды және С.Масловпен (1988-1995 жылдар) бірге жұмыс істеді.

Өнерпаздың айтуынша, оның шығармашылығы «мистикалық антропоморфизмді» зерттеуге бағытталған. А.Меңлібаева өз жұмыстарында көшпелі эстетика (Exodus, 2009) мен кеңестік футуризм тақырыптарын ой елегінен өткізеді. Ол Қазақстанның тарихы мен мәдени өткенін экология, жадтың өзін-өзі отарлауы, патриархат пен феминизм мәселелерімен байланыста зерттейді («Нәзіктік сабақтары (Қыз бен Пері)», 2013). Оның видео-жұмыстарының бір бөлігіне қойылымдық және деректі көріністер кіреді («Курчатов 22» қысқаметражды фильмі, 2012). Бұл туындыларда заманауи тоқыма («Менің саған апарар жібек жолым», 2011) мен жасанды интеллект құралдары (AI Realism. Qantar, 2022) қолданылады.

А.Меңлібаева — Kino der Kunst халықаралық кинофестивалінің (Мюнхен, 2013) лауреаты және Өнер мен әдебиет ордені ханымы (Франция Мәдениет министрлігі, 2017) сынды көптеген қазақстандық және халықаралық марапаттардың иегері. Ол көркемдік резиденцияларға қатысқан (Art Residency, Австралия, 2019). Оның жұмыстары Целинный орталығының мұрағатында (AI Realism Qantar, 2022), The Open World биенналесінде (Тайланд, 2023-2024 жылдар), Union of the Fire and Water 56-шы Венеция биенналесінде (Италия, 2015) және The Other Kabul remains of the Garden (Kunstmuseum Thun, Швейцария, 2022), GENESIS (Origin Art Museum, БАӘ, 2021), Transoxiana Dreams (De Groen Fine Art Collection, Нидерланды, 2019) және Green, Yellow, Red and Green again (TSE gallery, Қазақстан, 2018) сынды көрмелерде көрсетілген.

А.Меңлібаева туралы ақпарат Сорос-Алматы қоры Заманауи өнер орталығы (СЦСИ) мұрағаты, «Целинный» мұрағаты (AI Pеализм Qantar, 2022) — «Documentation» жобасы коллекциясында сақталған.

Суретті ұсынған — Алмагүл Меңлібаева