Category:
Bio
Арыстанбек Шалбаев
Year
05.12.1959
Place of birth
Келес ауданы, Қазақстан

Заманауи қазақстандық өнерпаз, Kyzyl Traktor арт-тобының мүшесі. Оның жұмыстарының қатарында фотосуреттер, видео-арт, перформанс, графика, кескіндеме және мүсін бар. Оның шығармашылығындағы негізгі әдістер: ирония, ойын, семиотика, гиперболизация. Негізгі идеялары: мәдени кімдікті іздеу, шаманизм және көшпелілік.

А.Шалбаев Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын (ҚазҰӨА, Алматы, 1984) тәмамдаған соң, Ә.Қастеев атындағы Өнер және дизайн колледжінде (Шымкент) оқыта бастады. Ол сол жерде Виталий Симаковпен танысып, кейін Kyzyl Traktor авангардшылар арт-тобына қосылды (1995 жылға дейін — «СаА тобы», «Шымкент — Трансавангард», «Си құрылымдық мектебі»). Сол уақытта ол жеке суретші ретінде де жұмыс істеді, ал 1991 жылы оның алғашқы жеке көрмесі өтті (Шымкент, «Бал-бал» галереясы).

А.Шалбаев өзінің шығармашылығында дәстүрмен, мәдени жадпен («Жаңбыр», 2016) және кейіпкер бейнесімен («Шыңғысхан», 2012) жұмыс істейді. Оның туындылары аллегориялық сипатқа ие: олар тұрақсыздық тақырыбын бұзылу символикасы арқылы («Соңғы тамшы», 2019), еңбек миграциясы мәселесін ұшу бейнесі арқылы («Алтын адам», 2014) көтереді. Өнерпаз өткен шақпен байланысты медитативті, үзік-үзік естелік бейнелер арқылы білдіреді («Менің өзенімнің бір күні немесе Сырдария», 2013) және оларды анық көрінетін визуал шекараға орналастырады («Ай сонатасы», 2006).

А.Шалбаевтың көркем туындылары: «Шымкент-Трансавангард» («Собор» көрме залы, Алматы, 1994), Prague Quadrennial (Прага, 2003), Өнер мен мәдениет фестивалі (Орталық Азия фестивалі; Дүниежүзілік банк, Вашингтон, 2005), «Бумеранг» (Esentai Gallery, Алматы, 2016), LVIII Венеция биенналесі (Венеция, 2019), «Жад, кеңістік, прогресс» (Ә.Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейі, Алматы, 2025) түрлі көрмелер мен фестивальдерде ұсынылған.

А.Шалбаев Kyzyl Traktor тобының мүшесі ретінде Korkut дыбыстық өнер триенналесі аясында өткен (Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі, 2022) Sound OFF көрмесіне қатысты.

А.Шалбаев пен оның жұмыстары туралы ақпарат «Целинный» заманауи мәдениет орталығы мен M HKA заманауи өнер музейі әзірлеген Şağylys коллекциясы, Сорос-Алматы қоры Заманауи өнер орталығы (СЦСИ) мұрағаты — «Documentation» жобасы коллекциясында сақталған.

Суретті ұсынған — Арыстанбек Шалбаев