
Заманауи қазақстандық өнерпаз және жад зерттеушісі. Оның жұмыстары кескіндеме, графика, анимация, фотография және инсталляция жанрында ұсынылған. Ә.Қадырханованың жұмыстарындағы маңызды әдістер: символизм, сюрреализм, деконструкция, отбасылық этнография. Негізгі тақырыптары: жад, жарақат, денелік, кімдік және ұжымдық жад.
Ә.Қадырханова ҚР Ұлттық өнер академиясында жоғары білім алған (кескіндеме, бакалавриат және магистратура, 2001-2007 жылдар), сонымен қатар Ұлыбританиядағы Ньюкасл университетінде (бейнелеу өнері, магистратура, 2009-2011 жылдар) және Лидс университетінде (өнер тарихы және мәдениеттану, докторантура, 2016-2021 жылдар) оқыған. Оның кандидаттық диссертациясы сталиндік террорды ұғыну мен жарақатты еңсеру үшін посткеңестік Қазақстан өнерін құрал ретінде зерттеуге бағытталған. 2023 жылы Ә.Қадырханова Амстердам университетінің ASCA мәдениеттану институтында ғылыми қызметкер болды.
Ә.Қадырханова өзінің «Архетиппен автопортрет» атты («Ұлар» галереясы, Алматы, 2013) алғашқы жеке көрмесінде кімдік тақырыбы мен интерпретация мәселесін («Ұйқыға арналған орын», 2010 және «Су бойымен саяхат», 2011 видео-сериялары) көтерді. Ол өзінің инсталляцияларында («Машина», 2013) және фотожобаларында («Төзімділік терезелері», Алматы, 2018) қызыл жіпті саяси қуғын-сүргін мен жарақаттың қайталануының символы ретінде пайдалана отырып, ұжымдық жад пен жарақат механизмдерін зерттеді. Ә.Қадырханова өз зерттеулерін 56-шы Венеция биенналесіндегі арт-резиденциялар кезінде (Венеция, 2015) және Калифорния өнер колледжінде (АҚШ, 2018) жалғастырды.
Ә.Қадырханованың өнер туындылары: «Ішкі жад — кеңістік жетпей ме?» («Гараж» заманауи өнер мұражайы, Мәскеу, 2017), Suns and Neons above Kazakhstan (Yarat заманау өнер кеңістігі, Баку, 2017), «Бастау» («Целинный» заманауи мәдениет орталығы, Алматы, 2018), documenta fifteen (Кассель, 2022), Clouds, Power and Ornament: Roving Central Asia (C.H.A.T. Мұра, өнер және тоқыма орталығы, Гонконг, 2023) бірқатар қазақстандық және шетелдік көрмелерде, сондай-ақ Calvert Journal Film Festival кинофестивалінде (Лондон, 2021) ұсынылған.
Өнерпаз жарақаттан кейінгі жай-күй мен мәдени кімдік мәселелеріне тәжірибе негізінде ғана назар аудармайды. Бұл оның дәрістерінде, Еуропа мен АҚШ елдерінде өткен халықаралық конференциялар мен симпозиумдардағы баяндамаларында (2018-2023 жылдар), сондай-ақ ғылыми жарияланымдарында (Stalinism in Kazakhstan: History, Memory, and Representation, 2021) көрініс табады.
Суретті ұсынған — Әсел Қадырханова