
Қазақстандық заманауи суретші, Қазақстан Дизайнерлер одағының (1987 жылдан) және Суретшілер одағының (2003 жылдан) мүшесі. Жұмыстары арасында кескіндеме, графика, перформанс, инсталляция, нысандар, фото және видео-арт бар.
Ғ. Шағатаеваның тәжірибесіндегі негізгі тәсілдер: экспрессионизм, драма, поэтика, нәзіктік, ою-өрнек, метафора.
Негізгі тақырыптар: ішкі қақтығыс, өзіндік болмысты іздеу, түс көру, түпсана, әйел тәжірибесі.
Суретші С.Г. Строганов атындағы Ресей мемлекеттік көркемсурет-өнеркәсіп университетін бітірген («Сәндік-қолданбалы өнер» факультеті, «Графикалық дизайн» мамандығы, Мәскеу, 1977–1982). Оқуын бітіргеннен кейін Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында графикалық дизайн бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істеген (Алматы, 1982–1989).
Ғ. Шағатаева шығармашылығының өзегі – көрерменмен бетпе-бет келіп, оның эмоциясын қозғайтын шынайы заттар әлемі («Екпін», 2004). Композиция мен түстер ырғағы жеке кеңістік түзіп, қиял және түпсанаға байланысты әр адамға әртүрлі көрінеді («Күшею», 2008; «Блюз I», 2006). Адамның қоршаған кеңістікпен өзара қарым-қатынасы туралы суретші ирониямен ой толғап, адамға бағынышты немесе құмсағаттың ар жағындағы бақылаушы рөлін ұсынады («Адамға табын, жер, енді», 2006). Дәл осы контексте қытай халқының ежелгі, нәзік әрі поэтикаға толы оригами дәстүрін қарастыра отырып, өнердің орнын зерттейді («Қағаз пластика», 2020).
Ғ. Шағатаеваның көркемсурет жұмыстары Қазақстанда және шетелде қойылған: І республикалық заманауи өнер көрмесі (Конгресс-холл, Астана, 2000), Заманауи графика биенналесі (Новосибирск, 2001), «Тенгри-Умай» халықаралық фестивалі (Алматы, 2002), «Біз, Қазақстан халқы» (Сорос қорының заманауи өнер орталығы, Алматы, 2006), «Эхо» («Ұлар» галереясы, Алматы, 2014), «Нан және Розалар: Қазақстандық әйел суретшілердің төрт буыны» (Берлин, 2018), «Сегіз жарым» («Esentai Gallery», Алматы, 2020), «New Year's Art Fair» және «Spring Art Fair» заманауи өнер жәрмеңкелері («Esentai Gallery», Алматы, 2023 – 2024).
Ғ. Шағатаева туралы ақпарат «Documentation» жобасының коллекциясында — Алматыдағы Сорос қорының заманауи өнер орталығында сақтаулы
Суретті ұсынған — Ғайни Шағатаева