
Қазақстандық заманауи суретші, «МОСТ» көркемсурет бірлестігінің мүшесі (1990 жылдан) және киім суретшісі (1980–1990 жылдар аралығы).
Оның шығармашылығында кескіндеме, графика, инсталляция, видео-арт бар.
Ғ. Мадановтың тәжірибесіндегі негізгі тәсілдер: коллаж, компиляция, бұқаралық мәдениет тілі, визуал кодтармен жұмыс, символизм, рефлексия, көпқырлылық.
Негізгі тақырыптары: отарлық тарих, жады, бұқаралық мәдениет, мәдени мұра, күнделікті тіршілік, мәдени болмыс.
Ғ. Маданов Алматыдағы қазіргі Орал Таңсықбаев атындағы сәндік-қолданбалы өнер колледжін (1973–1977) және Мәскеудегі бүкілодақтық кинематография институтын (ВГИК) бітірген (1978–1985). Өнер саласындағы жетістіктері үшін ЮНЕСКО сыйлығымен марапатталған және Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты атанған (1995). Суретші өмірлік серігі Зәуреш Терекбаймен жиі бірлесіп жұмыс істейді.
Ғ. Маданов жұмыстарында өткеннің сюжеттері басты орын алады. З. Терекбаймен бірге ұжымдық тарихи жады, посткеңестік тарих және оның бүгінгі күнге ықпалы жөнінде рефлексия жасап, олардың теледидардан берілетін үгіт-насихат риторикасын тілдердің пайда болуы жөніндегі хрестоматиялық мифпен байланыстырады («Вавилон мұнарасы», 1997). Суретшілер отарлық пен Орталық Азия елдерінің өткен күннен алған жан жарасын қозғайды («Тарихты қайта фрагменттеу», 2011). Сан қатпарлы тарихи тәжірибе туралы толғап, ірі форматты коллаждар жасайды, онда журналдағы суреттер, ортағасырлық миниатюралар және заманауи Алматының суреттері Қазақстанның қазіргі келбетін кескіндейді («Cool age», 2013–2018).
Ғ. Мадановтың көркемдік жұмыстары Қазақстанда және шетелде қойылды: «Жігер. Жас суретшілер көрмесі», (ҚР Ә.Қастеев атындағы МӨМ, Алматы, 1990), жеке көрме (АҚШ елшілігі, Алматы, 1992), «Үнсіздік сәулесі» (ҚР Ә.Қастеев атындағы МӨМ, Алматы, 1994), «Вавилон мұнарасы» («МОСТ» галереясы, Алматы, 1997), «Өзіңді тану: болашаққа болжам» («Москва» дүкені, Алматы, 1998), “Sari-Arka. Contemporary Art From The Kazakh Steppes” («Charles Sumner School Museum», Вашингтон, 1998), “Off the Silk Road: No Mad’s Land” (Haus der Kulturen der Welt, Берлин, 2002), «Тенгри-Умай» халықаралық өнер фестивалі (Алматы, 2002), 55-ші Венеция биенналесі (Венеция, 2011), «Қалыңдықтың жүзі» («PERMM» заманауи өнер мұражайы, Пермь, 2012), «Қазақстан аспанындағы күн және неондар» («YARAТ» заманауи өнер орталығы, Баку, 2017).
Ғ. Маданов туралы ақпарат «Documentation» жобасының коллекциясында — Алматыдағы Сорос қорының заманауи өнер орталығында сақтаулы.
Суретті ұсынған — Ғалым Маданов