
Заманауи қазақстандық музыкант, диджей, композитор және продюсер. К. Тимошенко шығармашылығындағы негізгі тәсілдер: минимализм, аудиоархеология, саунд-дизайн және далалық зерттеу.
Негізгі идеялар: ұжымдық және акустикалық жады, көші-қон болмысы, консьюмеризм мен постцифрлық кеңістікке сын.
К. Тимошенко П.Чайковский атындағы Алматы музыка училищесінде (колледж) оқыған (1988–1992). Осы кезден бастап “Antiparty gang”, “Akkord I On”, “KMTR”, “Help Me Jones”, “Les Enfants De Paris”, ‘Sample Brothers” (“Pop's Machine”, Тимур Исалиевпен бірге) сияқты көптеген музыкалық жобаларға қатысқан. 2011 жылы “Gaude Polonia” стипендиаты атанып, Краков музыка академиясында М. Стшелецкийдің жетекшілігімен музыкалық шығармашылықпен айналысқан (2011).
2000 жылдан бастап К. Тимошенко Алматыдағы Сорос қорымен жұмыс істеп, видеожобаларға дыбыстық инсталляциялар мен саунд-дизайн жасауға кірісті. Akkord I On және KMTR жобалары аясында К. Тимошенко даладағы жазбалар мен Алматы көшелеріндегі семплдер негізінде композиция құрып, ұжымдық жады мен урбан акустиканы зерттеді («Almatinka», 2007). «Help Me Jones» құрамында жаппай өндіріс пен посткеңестік қоғамнан тұтынушылық мәдениетке өтуді сынға алды (“The Darkness Lights”, 2012 және “Made in China”, 2013). Ол жиі аудио-визуал перформанстарға акустикалық кеңістік құруға қатысты: мысалы, Альбена Баеваның медиа-сенсорлық инсталляциясы ("The Effects of the Gamma Rays on Moon Marigolds", София, 2015).
2004 жылдан бастап Тимошенко виджейлік пен экспериментал музыканың дамуына елеулі үлес қосып, заманауи клубтық музыканың SoundVision халықаралық фестивалін ұйымдастырған Antyparty gang музыкалық бірлестігінің белсенді мүшесі болды (Алматыдағы Сорос қорының заманауи өнер орталығы және British Council-мен бірге, 2005). Бұл бірлестік Antiparty (2004) және «Полдник» (2006) кештерін және “REPLICA” бірінші халықаралық экспериментал медиаөнер фестивалін (Алматы, 2006–2007) де ұйымдастырды.
Бұдан бөлек, К. Тимошенко Қазақстанда және шетелде өткен жобаларға қатысты: «Қарым-қатынас: өзара байланыс тәжірибесі» CD каталогының презентациясы (Кино үйі, Алматы, 2001), «Культ-платформа 6 июля» фестивалі (Астана, 2006), «Electroacoustic Music Studio» («SME»; Краков музыка академиясы, 2011), «EXIT» (Сербия, 2012), DA Fest (Ұлттық өнер академиясы, София, 2015), «ONE DESIGN WEEK» 7-ші халықаралық дизайн және визуал мәдениет фестивалі (Пловдив, 2015), «Neon Paradise» (Алматы, 2020).
К. Тимошенко туралы ақпарат «Documentation» жобасының коллекциясында — Алматыдағы Сорос қорының заманауи өнер орталығында сақтаулы.
Суретті ұсынған — Тимошенко Константин