
Заманауи қазақстандық өнерпаз, режиссер, сценарист, Anykey студиясының режиссері. Оның еңбектері постер, граффити және инсталляцияларды қамтиды. М.Зеңгердің шығармашылық әдістері: интервенция, талдау, ирония, күлкі. Негізгі идеялары: коммуникация, таптаурындар, жаһандану және мәдени кімдік.
М.Зеңгер КИМЭП университетінде (бакалавр дәрежесі, мемлекеттік басқару мамандығы) және Нью-Йорк киноакадемиясында (магистратура дәрежесі, кино өндірісі мамандығы, 2010-2012) білім алған. Ол «Қаттырақ қағыңыз» (2016) қысқаметражды фильмі үшін «Сыншылар таңдауы-2017» аталымындағы «Ең үздік қысқаметражды фильм» жүлдесін иеленді. Сондай-ақ, Cannes World Film Festival фестивалінде (2023) Ғалымжан Молданазардың Kogershin («Голубь») әніне түсірілген музыкалық клиптің үздік режиссері атанды.
Оның көркемдік тәжірибесі көпшілік мәдениетті сынаудан тұрады. Ол қазақстандық реалист суретші Молдахмет Кенбаевтың («Жылқы ұстау», 1957) жұмысын қайта өңдеп, жылқыны ұстау сахнасының орнына қазақ журналисі Борат Сағдиевтің ойдан шығарылған таптаурын образын әзілмен қуалау идеясын ұсынады (атауы мен жасалған жылы белгісіз, «Сейсмограммалар» көрмесі, СЦСИ, Алматы, 2006). Оның образдары милитаризм мен дінді бетпе-бет қояды, граффитиді классикалық көрме кеңістігіне орналастырып, голливудтық сюжетті жергілікті контексте интерпретациялайды және саяси рефлексия мен визуал провокацияның тоғысында жұмыс істейтін басқа суретшілердің шығармаларымен өзара байланысады (мысалы, Саид Атабековтың «Жайнамаз» жұмысы), («Қатардағы Райанды құтқару», 2008). М.Зеңгердің қысқа метражды фильмдері ер адам мен әйел арасындағы махаббат («Қаттырақ қағыңыз», 2016), балалар қиялы мен ересектерді қолдау тақырыбына арналған («Ерекше және жалғыз ойлы адамдар клубы», 2015), ал музыкалық клиптері үміт пен сенім (Orynkhan, “Darumen”, 2022), бейбітшілік пен келісім (Moldanazar, “Kogershin”, 2023) идеяларын зерттейді.
М.Зеңгердің жұмыстары Қазақстан мен шетелдерде көрсетілді: «Қазақстандық өнерпаздардың 10-шы Стамбұл биенналесіне қатысуы» (СЦСИ атынан, Стамбул, 2007), «Сейсмограммалар» (СЦСИ, Алматы, 2006), «Біз — Қазақстан халқымыз» (СЦСИ, Алматы, 2006), «Төзімділік үйі» (СЦСИ, Алматы, 2008), BAIQONYR кинофестивалі (Алматы, 2016), Канн кинофестивалі (Канн, 2023).
М.Зеңгер туралы ақпарат Сорос-Алматы қоры Заманауи өнер орталығы (СЦСИ) мұрағаты — «Documentation» жобасы коллекциясында сақталған.
Суретті ұсынған — Мәлік Зеңгер