
Заманауи қазақстандық өнерпаз, дизайнер және сценограф. Оның шығармаларының қатарында видео, кескіндеме, инсталляциялар, мүсіндер және театрлық қойылымдар бар. М.Сағит шығармашылығындағы негізгі әдістер — аллегория, символ, сыни талдау және синтез. Басты идеялары — көшпелі мәдениет, аңыз, жад, ұжымдық бейсаналық, билік және пропаганда.
М.Сағит Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында (қолданбалы өнер және дизайн факультеті, 1984-1989 жылдар) білім алған. Ол «Көксерек» галереясының (Алматы, 1998) жұмысына қатысып, «Жаңаша қара» (Алматы, 1999-2001 жылдар) жастар кинофестивалін ұйымдастырған және Сорос-Алматы қоры Заманауи өнер орталығы мен Хивос қоры (1998-2003 жылдар) жобаларымен серіктес болған.
М.Сағит өз еңбектерінде жад пен билік тақырыптарына жиі жүгінеді. Бұл идеялар «KZvideoart» (2005) шығармасындағы қимылсыз адам мен «Өткен шақ пен осы шақ» (2001) туындысындағы теледидар экранындағы өз бейнесін бақылап отыратын, тасқа айналған мәңгүрт бейнелерінде көрініс табады. М.Сағиттің еңбектерінде теледидарлар мен телефондар замана белгілері ретінде көрініс табады, олар адам денесінің, балбалдың бір бөлігіне айналып немесе оны толығымен алмастырып кетеді («Қазақстанның үш дәуірі», 2002). Өткен шақ пен осы шақ, миф пен шындықтың қатар өмір сүру тақырыбы өнерпаздың шығармашылық тәжірибесінен қызыл сызықтай өтеді. Ол осы қайшылықтардың арасындағы шекараны өшіріп, дәстүрлі күйлер мен поп-музыканың әуезін, дала мен автокөлік бейнелерін тоғыстырады («Аққу», 2000).
М. Сағит «Ақ-Сарай» театрында (2008), «Қазақ Елі» анимациялық сериалында (2009-2012), «Амазонс» тележобасында (Smithsonian Institution, 2016) сценограф болып жұмыс істеді. Оның көркем шығармалары: «Андеграунд» (Дизайнерлер Одағы, Алматы, 1989), «Еркін шығармашыл жастар акциясы» (Арт-орталық, Алматы, 1996), «Адам құқықтары: Terra incognita» (Қазақ бизнес клубы, Алматы, 1998), «On the Spot» кинофестивалі (Заманауи өнер орталығы, Одесса, 2002), «Trans Forma» (Заманауи өнер орталығы, Женева, 2002), Artbat Fest (Алматы, 2013), «Астана Артфест» (Астана, 2016), ЖолдаstarS (Kazarian Art Center, Алматы, 2019) сынды қазақстандық және шетелдік жобаларда ұсынылды.
М.Сағитов туралы ақпарат Сорос-Алматы қоры Заманауи өнер орталығы (СЦСИ) мұрағаты — «Documentation» жобасы коллекциясында сақталған.
Суретті ұсынған — Марат Сағит