
Қазақстандық заманауи суретші. Шығармашылығында видео-арт, перформанс, акция -әне кино бар.
Н. Кимнің негізгі жұмыс тәсілдері: дене эксперименттері, ирония, деректі хроника, әлеуметтік сын. Негізгі тақырыптары: гендерлік теңдік, билік, ар-ұят, мәдени болмыс, феминизм, патриархат, қоғам, стандарттар, күнделікті тіршілік.
Суретші Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық зерттеу университетінде оқыған (Көркемсурет-графика факультеті, 1993–1996). 2000-жылдардың соңында туған жерінен Алматыға қоныс аударып, видео-арт бағытында белсенді жұмыс істеген және Алматыдағы Сорос қоры заманауи өнер орталығының жобаларына қатысқан.
Н. Ким деректілік, видео-арт және ирониялық акционизм тоғысында жұмыс істейді. Некенің бұзылуы мен киелі дүниеніңтұрмыстық деңгейге түсу процесін деректейді: азаматтық хал актілерін тіркеу бөліміне барып, неке жүзігінен алтын тіс жасатады («Ажырасу», 2006). Өтпелі жағдайлар мен трансформация идеясын зерттеуді жалғастырып, өз қолымен тіккен жұлдызқұрт бейнесіндегі киімді киіп алып, күнделікті тірлігін орындайды («Жұлдызқұртша жүру», 2008). Суретші бұл бейнеде әйелдің әлеуметтік және мәдени өзгерісіне метафоралық тұрғыдан қарайды: әйел – жұлдызқұрт тәрізді, көбелекке айналса да жәндік күйінде қала береді; яғни барлық күш-жігерін жұмсаса да, сұлулық стандарттары мен патриархалдық нормаларға тәуелді. Н. Ким еуроцентризм мен сырттан таңылған идеалдардың ықпалын сынға алып, «еуропалық» қабақ пішінін жасау мақсатында пластикалық операция жасату процесін бейнежазба түрінде құжаттайды («Қош бол, азиялық көз…», 2009). Сонымен қатар адам құқықтары, әділдік және билік тақырыбына назар аударып, адвокат Евгений Танковтың сот процесі аясында ұлудың киімін киіп, “ұят” ұғымының жоғалуын метафоралық түрде іздейді («Ұлу. Жоғалған ұятты іздеу жолында», 2014).
Н. Кимнің көркемдік жұмыстары Қазақстанда және шетелде қойылды: «Просто Ку» («Дешт-и-Арт орталығы», 2001), “Re-orientation” (ACC галереясы, Веймар, 2002), «Кейіпкер көлеңкесінде» (Бішкек, 2005), “On Geekdom” (Бенаки мұражайы, Афины, 2007), «Баратын бағыт – Азия: стереотиптерді талдау» (Project 88, Мумбай, 2007), “Central Asian Project” (Лондон, 2007) , «Толеранттылық үйі» (Сорос қорының замануи өнер орталығы, Алматы, 2008), “East of Nowhere: Contemporary Art from post‐Soviet Central Asia” (Fondazione 107, Турин, 2009), “Liberty/Freedom” және “Is There Any Hope for an Optimistic Art?” (МЗӨМ, Мәскеу, 2010).
Н. Ким туралы ақпарат «Documentation» жобасының коллекциясында — Алматыдағы Сорос қорының заманауи өнер орталығында сақтаулы.
Сурет Наталья Кимнің Facebook-парақшасынан алынған