
Әбілсаит Анарбайұлы Атабеков (Әбілсаид, Саид) – заманауи қазақстандық өнерпаз, Kyzyl Traktor арт-тобының мүшесі. Оның туындылары қатарында: фотосуреттер, перформанстар, видео-арт және инсталляциялар бар. Шығармашылығындағы негізгі әдістер: ирония, ойын, семиотика, поэтика, гиперболизация. Негізгі тақырыптар: жад, жарақат, мәдени кімдікті іздеу, жаһандану, транслокалдылық, шамандық, көшпенділік.
Ә.Атабеков Ә.Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжінде (Шымкент, 1988-1992) оқыды. 1993 жылы Оңтүстік Қазақстанның алғашқы авангардтық өнер ұжымы «Қызыл трактор» (1995 жылға дейін – «Группа СаА», «Шымкент – Трансавангард», «Си құрылымдық мектебі») қатарына қосылды. Ұжымдық жобалармен қатар Саид дербес те жұмыс жасады. 2011 жылы ол Клаус Ханзада марапатына ие болды.
Ә.Атабеков өз шығармашылығында өткеннің бейнелерін ирония линзасынан өткізіп, оларды заманауи контекске қалыптайды. Оның фотосуреттері екіұштылық кеңістігін тудырады: ер-тұрман (Coca-Cola, 2016) және таға («Қалқан», 2017) арқылы суретші билік мәселесін зерттейді. Дәстүрлі Көкпар ойынының («Дала бөрілері», 2012) және шамандықтың элементтері арқылы («Шығыс перзенті», 1995; «Неон жұмақ», 2004) – тұтыну культі мен өлкенің экзотикалануын келемеждейді. Дәстүрлі киіз («Славян қызбен қоштасу», 2011) және балабақша үлгісіндегі заттар («Снайпер-02», 2009) мен көрпешелер («Көрпеше тулар», 2010) арқылы посттравма мен жаһандау мәселелерін қаузайды.
Ә.Атабековтің өнер туындылары Қазақстандағы және шетелдегі көрмелерде ұсынылды: Off the Silk Road: No Mad's Land: Contemporary Art from Central Asia (Haus der Kulturen der Welt, Германия, 2002), Time of the Storytellers (KIASMA, Финляндия, 2007 ж.), Ostalgia (New Museum, США, 2011), At the Crossroads: Contemporary Art from the Caucasus and Central Asia (Sotheby´s, Великобритания, 2013), The Other & Me (Sharjah Art Museum, ОАЭ, 2014), Too Early Too Late. Middle East and Modernity (Pinacoteca Nazionale, Италия, 2015), Suns and Neons above Kazakhstan (Yarat Contemporary Art Space, Азербайджан, 2017), «Ұлы Дала Тарихы» (Бейнелеу өнері музейі, Шымкент, Қазақстан, 2019). Бұдан бөлек Саид Венеция (2005, 2007, 2011), Стамбұл (2005), Монреаль (2007), Мәскеу (2013) биенналесіне және көрмелерге (Asia Now, 2023; Art Dubai, 2024) белсенді қатысты.
Kyzyl Traktor тобының мүшесі ретінде Ә.Атабеков Korkut үн өнері триенналесі аясында өткен Sound OFF көрмесіне қатысты (Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі, 2022).
А.Атабеков пен оның жұмыстары туралы ақпарат «Целинный» заманауи мәдениет орталығы мен M HKA заманауи өнер музейі әзірлеген Şağylys коллекциясы («Неон жұмақ», 2004), Сорос-Алматы қоры Заманауи өнер орталығы (СЦСИ) мұрағаты — «Documentation» жобасы коллекциясында сақталған.
Суретті ұсынған — Саид Атабеков