Category:
Bio
Сергей Маслов
Year
16.03.1952 – 2002
Place of birth
Самара (бұрынғы Куйбышев), Ресей – Алматы, Қазақстан

Заманауи қазақстандық өнерпаз және «Түнгі трамвай» (1987) арт-тобының мүшесі болған. Оның шығармашылық жұмыстары – кескіндеме, графика, фотосурет, видеолар, инсталляциялар, перформанстар және мәтіндер. С.Масловтың көркемдік тәжірибесіндегі негізгі әдістері — аңыз жасау, провокация, пародия және абсурд. Басты идеялары — посткеңестік кеңістік, жаһандану, тұтыну мәдениеті, патриархат, көшпенділер мәдениеті, миф және эротизм.

С.Маслов Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде (көркемдік-графикалық факультет, 1973-1978 жылдар) және Ресей білім академиясы Көркемдік білім және мәдениеттану институтында білім алған (ИХОиК РАО; аспирантура, Мәскеу, 1983-1986 жылдар). Ол Семей мемлекеттік педагогикалық институтында (1978-1980 жылдар), Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында (Алматы, 1988-1998 жылдар) кескіндеме пәнінен дәріс берген.

С.Масловтың шығармашылық тәжірибесі оның оқытушылық қызметімен тығыз байланысты болды: ол жас өнерпаздарды шығармашылық тәжірибелерге итермелеу үшін перформанстар ұйымдастырды («Күн желі», Семей, 1998), сондай-ақ шаман рөлінде бастамашы қатысушыларды заманауи өнер әлеміне жетеледі («Демиургке арналған суреттер», Арт-Дискурс-97 заманауи өнер теориясы мен тәжірибесі бойынша семинар, Алматы, 1997). С.Маслов абсурд театры мен миф жасауды өз шығармашылығында пайдаланады: ол «суретші қанмен сурет салады» деген аллегорияны визуализациялады («Шығыс — нәзік іс», 1998), сұлулық культіне («Джоконда», 2000), сондай-ақ махаббат пен параәлеуметтік қарым-қатынастарға ирония жасады («2003 жыл», 1998). Оның жұмыстары батыс пен шығыс қоғамы арасындағы қарым-қатынас мәселесін көтереді («Юдифь», 1997) және ғарыштық болашақтағы көшпенділік тақырыбында фантазия құрады («Байқоңыр-2», 2001).

С.Масловтың көркемдік шығармалары, соның ішінде оның өмірден өткеннен кейін де: «Жігер. Қазақстан жас өнерпаздар көрмесі» (Қазақстан өнерпаздар одағы, Алматы, 1978), «Суретші және қала» (Графика суретшілері Біріккен кәсіподақ комитетінің көрме залы, Мәскеу, 1982), «Маслов өнердің қасында, әдебиеттің жанында» (А. Кастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейі, Алматы, 1998), New Acquisitions from Central Asia: Selections from the Norton and Nancy Dodge Collection of Nonconformist Art from the Soviet Union (Jane Voorhees Zimmerli Art Museum, Нью-Джерси штаты, АҚШ, 2001), Sergey Maslov. East is a Subtle Thing to Understand (Stuttgarter Kunstverein, Штутгарт, 2002), Re-orientation: Kunst zu Mittelasien (ACC Gallery, Веймар, 2002), «Маслов и К» (Г.Айтиев атындағы Ұлттық өнер музейі, Бішкек, 2004), 51-ші Венеция биенналесі (2005), «Жұлдызды көшпенді» (Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі, Астана, 2017) сынды қазақстандық және шетелдік жобаларға қатысқан.

С.Маслов туралы ақпарат «Documentation» жобасы коллекциясында сақталған — Елена мен Виктор Воробьевтар және Сорос-Алматы қоры Заманауи өнер орталығының (СЦСИ) мұрағаты.

Суретті ұсынған — Елена Воробьёва және Виктор Воробьёв