Category:
Bio
Шай-Зия
Year
07.11.1948*–05.04.2000
Place of birth
Ыссық, Қазақстан

Зияхан Зияшұлы Шәйгилдинов (Шай-Зия; Шайзия; Зи-ша; Ши-за) — видеооператор, заманауи қазақстандық өнерпаз, куратор, мистификатор және «Пофигистер партиясының» негізін қалаушылардың бірі. Оның шығармашылығына видео-арт, перформанстар, арт-нысандар, коллаждар және фотосуреттер кіреді.

Шығармашылығындағы негізгі әдістер: видеодокументация, семиотика, ойын, ирония және мистика. Басты тақырыптары: күнделікті өмір пен қалалық өмір.

Шай-Зия 1970-1990 жылдары Қазселденқорғау конструкторлық-жобалау бюросының фотозертханасында және АГТХИ-да (қазіргі Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер институтында, Алматы) жұмыс істеді әрі жарық беруші, декорация орнатушы, кинооператор (Қазақфильм), тәуелсіз тележурналист (WTW Pictures, Inc., АҚШ және КТК, Қазақстан) әрі «Жігер» деректі фильмдер байқауының дипломанты (1980, 1982) болды.

Шай-Зия шығармашылығында видеоны көркемөнер құралы және оқиғаларды құжаттау тәсілі ретінде пайдаланылды. Ол кейде жеке сюжеттерді дербес видео жұмыстарына айналдырды («Анти-бутя», 1994, 3 мин., композитор — Вадим Ганжа). Шай-Зия тұрмыстық заттарды өз арт-нысандарын, коллаждары мен перформанстарын жасауға қолданды («Есік» инсталляциясы, 1988; перформанс «Төсек», 1998). Ол шындықты ирониямен бейнелеп, айналасындағыларды өзіне қосылуға шақырды (PopArt акция-көрмесі, «Шай-Зия & Co» клубы, Ganza тобы, Қонаев көшесі мен Жібек Жолы көшесінің бұрышындағы галерея, Алматы, Қазақстан, 1989). Шай-Зия 1990 жылдардың ортасында дәстүрлі емес медицина мен психологияға қызығушылық танытты. Ол «экстрасенс-өнерпаз» ретінде өмірдің ойын аспектісі, мистикасы және экстрасенсорикасы туралы ой қозғады («Биоэнергетикалық модуль», 1995; «Үтіктермен бәс», 1994-1996 жылдар).

Шай-Зияның: «Галереялар парады» (Ә.Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейі, Қазақстан, 1995, 1998 және т.б.); No Mad’s Land (The House of World Cultures, Германия, 2002); Trans Forma (Centre d'Art Contemporain, Швейцария, 2002); Allusive Form: Painting as Idea (Zimmerli Art Museum, АҚШ, 2005) еңбектері қазақстандық және шетелдік көрмелерде ұсынылған. Олардың бір бөлігі Zimmerli Art Museum (АҚШ) коллекциясында сақтаулы.

Шай-Зия туралы ақпарат пен оның жұмыстары Шай-Зияның отбасылық видеомұрағаты, Сорос-Алматы қоры Заманауи өнер орталығы (СЦСИ) мұрағаты — «Documentation» жобасы коллекциясында да бар.

*Шай-Зияның өмірбаянында туған жылы 1948 жыл деп көрсетілген, алайда төлқұжаты мен өмірден өтуін растайтын куәлікте 1950 жыл деп жазылған.

Суретті ұсынған — Шай-Зияның мұрагері әрі үлкен қызы Әсемгүл Крылова