
Заманауи қазақстандық өнерпаз, Kyzyl Traktor арт-тобының, Қазақстан Суретшілер одағының және ҚР Өнер академиясының корреспондент-мүшесі. Оның шығармалары мүсіндер, инсталляциялар, кескіндеме, видео-арт және перформанстарды қамтиды. Шығармашылығындағы негізгі әдістер — ирония, ойын, семиотика және ақындық. Басты идеялары: мәдени кімдікті іздеу, жад, шаманизм және номадизм.
С.Баялиев П.Беньков атындағы Ташкент көркемсурет училищесінде (Ташкент, 1974-1977 жылдар) білім алған. 1981 жылдан бастап Шымкентте тұрып, жұмыс істейді және 1990 жылдардың басында Оңтүстік Қазақстанның алғашқы авангардтық арт-тобы — Kyzyl Traktor құрамына қосылады (1995 жылға дейін «СаА тобы», «Шымкент – Трансавангард», «Си құрылымдық мектебі» деген атаулармен белгілі болған). Сонымен қатар ол өз алдына бөлек өнерпаз ретінде де еңбек етті. 1991 жылы оның алғашқы жеке көрмесі өтті («Бал-бал» галереясы, Шымкент), ал 1997 жылы алғашқы марапатына ие болды («Азия Арт» көрмесі, Ташкент).
С.Баялиев өз шығармашылығында өткеннің бейнелеріне жүгініп, оларды іріктеп, шындық кеңістігіне орналастырады. Олар супрематизм, кубизм («Музыканттар», 2005) рухында немесе абстракт формада («Түркістан», 2015) есте қалған кадрлар секілді кенепте қатып қалады. Өнерпаз тарихи фотосуреттердің мағынасын ашып, талдайды («Көшпенділер», 2018), тұрмыстық көріністерді деконструкциялап, олардан мультфильм тәрізді күлкілі коллаж жасайды (Kurt Daiyndau, 2017). Ол өзінің инсталляцияларында, видео-артында адам мен табиғат байланысы туралы («Байланыс», 2015), сенім мен өлім тақырыптары жайлы («Қажы», 2015), аймақ естелігі мен көшпелі халықтың рух күштері туралы («Тас рухы», 2000) поэтикалық ой толғайды.
С.Баялиевтің көркем шығармалары: «Шымкент-Трансавангард» (Алматы, 1990), «Парад галерей-97» (Ә.Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейі, Алматы, 1997), «No Mad’s Land» (Haus der Kulturen der Welt, Берлин, 2002), «La Sindrome di Tamerlano» (Palazzo dei Sette, Орвието, 2005), «La vie est une legende» (Заманауи өнер музейі, Страсбург, 2014), «Thinking Collections: Telling Tales Exhibition at Asia Contemporary» (Mana Contemporary, Нью-Джерси, 2018) бірнеше қазақстандық және шетелдік көрмеде көрсетілген. Сонымен қатар, өнерпаз биенналелерге (Ташкент, 1997, 2013) және фестивальдерге де қатысқан («ArtBatFest», Алматы, 2011, 2012, 2014, 2015; «White night in Perm», 2013).
С.Баялиев Kyzyl Traktor тобының мүшесі ретінде Korkut триенналі аясында өткен Sound OFF көрмесіне қатысты (Ықылас атындағы Ұлттық музыкалық аспаптар музейі, 2022).
Суретті ұсынған — Смаил Баялиев