
Қазақстандық заманауи фотограф және видео-суретші, “Karaganda Press Photo” фотоклубының мүшесі (1990-жылдардың соңы).
Жұмысындағы негізгі тәсілдер: фотоқұжаттама, әлеуметтік сын, бақылау, талдау, рефлексия, әйгілеу.
Негізгі тақырыптары: әлеуметтік қорғансыздық, әділетсіздік, күнделікті тіршілік, айналадағы шындық, тарих.
В. Қалиев Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін (Тау-кен инженері мамандығы бойынша, 1992–1997) бітірген, 1999 жылдан ақпарат құралдарында фотограф болып жұмыс істейді. «Батырхан Шүкенов атындағы қор» стипендиясының иегері. 2010 жылы грант ұтып алып, өзінің алғашқы көрмесін ұйымдастырды («Еңбек миграциясы: шындық пен болашақ», Қарағанды).
Фототүсіріліму кезінде В. Қалиев зерттеу нысанына жан-тәнімен беріліп, сурет кейіпкерлерімен терең сұхбаттасады. «1937: Территория памяти – Жоқтау» (2013) фотокөрмесіне қатысу үшін этникалық қуғын-сүргін тақырыбын зерттеп, атасының туыстарының Қиыр Шығыстан Қазақстанға қоныс аудару тарихын зерттеген. Суретші құрылыста және мақта алқабында жұмыс істеп жүрген еңбек мигранттарының өмірін зерттеу арқылы әлеуметтік қорғансыздық, әлсіздік, жалғыздық және оқшау қалу мәселелерін көтереді («Свои – Чужие», 2013). В. Қалиевтің күнделікті тіршілікті бақылауы қала кеңістігі мен айналадағы шындықты көрсете алуымен ерекшеленеді («Так и есть», 2013).
2000-жылдардың басында В. Қалиев фото және видео-өнерге арналған бірқатар семинар мен шеберлік сабақтарына қатысты: «Видеоарт қалай жасалады?» (Сорос қорының заманауи өнер орталығы, Алматы), «Пульс города-2» шеберлік сабағы («Дешт-и-Арт» орталығы, Қарағанды), «Арал майданы» воркшобы (Алматы), «Азия-экстрим. Нешелковый путь» халықаралық воркшобы (Алматы), «Журналистік зерттеу» семинары (Қарағанды), «XX ғасыр өнері» семинары («Дешт-и-Арт» орталығы, Қарағанды).
Оның жұмыстары Қазақстанда және шетелде қойылды: “Off the Silk Road: No Mad’s Land” («Haus der Kulturen der Welt», Берлин, 2002), Сорос қоры заманауи өнер орталығының «Инвентаризация» видеоарт фестивалі (Неміс театры, Алматы, 2002), «Евразия синдромы» (Қарағанды, Екатеринбург-Нижний Тагил, 2002), «Re-orientation» (ACC галерея, Веймар, 2002), «1937: Территория памяти – Жоқтау» (ҚР Ә. Қастеев атындағы МӨМ, Алматы, 2013).
В. Қалиев туралы ақпарат «Documentation» жобасының коллекциясында — Алматыдағы Сорос қорының заманауи өнер орталығында сақтаулы.
Суретті ұсынған — Валерий Қалиев