
Заманауи қазақстандық өнерпаз. Оның төл жұмыстары мүсіндер мен графикадан тұрады. Елена Воробьёвамен бірлескен шығармашылығы қатарында инсталляциялар, перформанстар, фото- және видеоарт бар. В.Воробьёвтың шығармаларындағы негізгі әдістер: ирония, абсурд, сюрреализм, символизм, табылған нысандар, аллегория. Негізгі тақырыптар: күнделікті өмір, адам мен табиғаттың өзара байланысы, билік, қоғам.
В.Воробьев Гоголь атындағы Өнер училищесінде (1975-1979 жылдар, Алматы) және Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында (1986-1991 жылдар, Алматы) мүсін бөлімінде білім алған. 1995 жылдан бастап Елена және Виктор Воробьёвтар бірлескен өнер жобаларын жүзеге асырады.
В.Воробьев өзінің тәжірибесінде күнделікті өмірді зерттейді және символдармен жұмыс істейді. Оның инсталляциялары мен мүсіндері — қала өмірінің элементтері, олар адамды табиғатпен өзара байланыс орнатуға итермелейді («Табиғи қоршаған ортада таң мен кешті бақылауға арналған құрылғылар» бірлескен жобасының эскиздері, 2021) немесе өздері табиғи артефактілерге айналады («Үтік» «Қазба қалдықтар» сериясынан, 1995-2000 жылдар). Елена мен Виктор Воробьевтардың ортақ шығармашылығында заманауи өнерпазға назар аударылады («Өнерпаз ұйықтап жатыр», 1996), биліктің агрессиясы туралы айтылады («Винтаж», 2018) және күнделікті өмірден сюрреализм табады («Аспан әшекейлері», 2001-2007 жылдар).
Елена мен Виктор Воробьевтардың туындылары: «Жігер. XV республикалық көрмесі» шығармашылық жастар фестивалі (СХ Көрме залы, Алматы, 1988), ЦВЗ және аукциондар дирекциясының көрмесі (Алматы, 1994), VI Стамбұл биенналесі (1999), No Mad’s Lands (Haus der Kulturen, Берлин, 2002), Tracing Roads through Central Asia: Dilemmas and Travelers’ Perspectives (Yerba Buena Center for the Arts, Сан-Франциско, 2008), At the Crossroads: Contemporary Art from the Caucasus and Central Asia (Sotheby's, Лондон, 2013), LVII Венециан биенналесі (2017), «Фантомды шындық» (Aspan Gallery және «ДОМ 36», Алматы, 2022), «Документация: Заманауи өнер картасындағы Орталық Азия қиылдары» («Целинный» заманауи мәдениет орталығы, Алматы, 2025) сынды көрмелерде көрсетілді.
В.Воробьёв жұмыстарының фотосуреттері және ол туралы ақпарат «Documentation» жобасы коллекциясында сақтаулы: Елена және Виктор Воробьёвтардың коллекциясы және Сорос-Алматы қоры, Заманауи өнер орталығы (СЦСИ) мұрағаты.
Суреттерді ұсынған — Елена Воробьёва және Виктор Воробьёв