Category:
Bio
Виталий Симаков
Year
1954
Place of birth
Октябрьский, Ресей

Заманауи қазақстандық өнерпаз, заманауи өнер теориясы мен тәжірибесінің оқытушысы, Kyzyl Traktor арт-тобының негізін қалаушы. Оның туындылары қатарында кескіндеме, коллаждар, графика, фотосуреттер мен перформанстар бар. Шығармашылығындағы негізгі әдістер: деконструктивизм, наив, визуал дәйексөз, семиотика, полиморфизм. Басты идеялары: мәдени кімдікті іздеу, күнделікті өмір, кеңестік кеңістік және абсурд

Виталий Уфа мемлекеттік өнер институтының кескіндеме бөлімін (1978-1984 жылдар, Уфа) аяқтағаннан кейін Ә.Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжінде (Шымкент) және Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде (1995-2010 жылдар, Түркістан) сабақ берді. Ол 1990 жылдары Kyzyl Traktor арт-тобының негізін қалаушылардың және мүшелерінің бірі болды (1995 жылға дейін — «СаА тобы», «Шымкент — Трансавангард», «Си құрылымдық мектебі»). Олардың бастамасымен Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің заманауи өнер орталығы (2002, Шымкент) ашылды.

В.Симаковтың көркем туындыларын авангард өнері мен құрылымдық-кеңістіктік композиция мектебі контексінде қарастыруға болады. Оның жұмыстары бейнелерді деконструкциялауға («Жол үстіндегі демалыс — Абай шыңы», 2000), абстракт форма іздеуге («Театр», 2000) және карнавал мен ойын эстетикасына ( «Түнгі салт аттылар» сериясы, 2012) негізделген. Өнерпаз Kyzyl Traktor тобы құрамында «Тракторды мумиялау» (1997) акциясына арнап қызыл трактор түріндегі инсталляцияны жасады. Сондай-ақ ол перформанс идеяларын әзірлеп, кейде сол актінің өзіне де қатысқан («Бригадир гаремі», 2000). Kyzyl Traktor тобының перформативті жұмыстары мен жобалары мәдени кімдікті іздеу, өткен шақ пен аңыздарды заманауи әлемге тоғыстыру идеялары төңірегінде құрылды («Kyzyl Traktor» фильмі, 2002).

В.Симаков Kyzyl Traktor тобының мүшесі ретінде «Шымкент — Трансавангард» («Әулие собор» көрме залы, Алматы, 1990); “SaA” (Орталық суретшілер үйі, Мәскеу, 1992); «Азия Арт» (Орталық көрме залы, Ташкент, 1997); Transzedenz (Kunsthalle, Вена, 2000); «Қызыл Тракторға он жыл» (Халықаралық бизнес академиясы, Алматы, 2001); Праж квадриенналесі (Прага, 2003) сынды көрмелерге қатысқан.

В.Симаков туралы ақпарат пен оның жұмыстарының фотосуреттері «Целинный» заманауи мәдениет орталығы мен M HKA заманауи өнер музейі әзірлеген Şağylys коллекциясы,  Сорос-Алматы қоры Заманауи өнер орталығы (СЦСИ) мұрағаты —  «Documentation» жобасы коллекциясында сақталған.

Photograph provided Arystanbek Shalbayev