
Заманауи қазақстандық өнерпаз, дизайнер және куратор. Оның шығармашылығына графика, объектілер, коллаждар, инсталляциялар мен перформанстар кіреді. В.Демидовтың шығармашылық әдістері — қолөнер, дизайн және жоғары өнер тоғысындағы жұмыс, күнделікті тұрмыстық заттарды (шайнектер, бас киімдер, белбеулер, түймелер, көзілдіріктер, кілттер, моншақтар және т.б.) қолдану, ассамбляж, орнаментализм, символизм, ирония және әзіл. Басты тақырыптары — қастерлі және күнделікті өмір, магия, өзін-өзі тану, сапарлар, көне дәуір және қазіргі заман.
В.Демидов Рига азаматтық авиация инженерлері институтында оқыған, кейін оны Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетіне ауыстырған, ал кейінірек Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін тәмамдаған (көркемдік-графикалық факультет, 1988-1993 жылдар). Ол «Казторгреклама» мекемесінде (1987-1997 жылдар) безендіруші-суретші болып жұмыс істеді, оқытушылық қызметпен (1995-1997 жылдар) айналысты, сондай-ақ галереяларда («Вояджер», Алматы) және баспа саласында еңбек етіп, тәуелсіз суретші ретінде шығармалар жасады.
В.Демидовтың арт-объектілерінде күнделікті тұрмыс заттары ежелгі дәуірдің, магия және қастерліліктің символдарымен тоғысып, олардың синтезінде жаңа мағыналар пайда болады. Олар жеке интерпретация мен еркін түсіндіру үшін кеңістік қалдырып, шамандық тәжірибелерге меңзейді («#яЕстьГриб», 2020 және «Шаманифик», 2020). Мағыналар мен түсіндірмелердің көптүрлілігі коллаж техникасынан байқалады: әртүрлі бөліктерден тұтас бейне құрастыру («Бір рет жүзу хроникасы», 2006). Суретшінің пікірінше, туындымен тірі байланыс орнағанда көрерменнің рөлі пассив бақылаушыдан белсенді қатысушыға ауысады. В.Демидовтың авторлық қалпақтары — осындай объектілердің жарқын мысалы. Экстравагантты болуына қарамастан, олар өздерінің практикалық маңызын жоғалтпайды. Олар өздеріне тән әзіл мен ерекше қылықтың арқасында өміршеңдік, энергия және өзін-өзі айқындау символына айналады («Тәж тынысы», 2020 және «Әлеуметтік сперматозоид», 2020).
Өнерпаз: «В.Демидовтың кескіндемесі мен графикасы» («Көк галерея», Алматы, 1997), «InvAsia» фестивалі (Orheiul Vechi, Кишинев, 2001), «Тенгри‐Умай» (Алматы, 2002), «Көп нүкте е е е…» (Арт-орталық «Алма-Ата», Алматы, 2012), «Үшінші жарты шар» («Асанбай орталығы», Бішкек, 2018), Fashion Week «Ақ түндер» (Санкт-Петербург, 2020), «ТЫНЫС АЛУ-ТЫНЫС ШЫҒАРУ немесе қызыл аттың шытырман оқиғалары» (Dump Gallery, Алматы, 2024) сынды қазақстандық және шетелдік жобаларда топтық және жеке көрмелер тәжірибесіне ие.
В.Демидов туралы ақпарат Сорос-Алматы қоры Заманауи өнер орталығы (СЦСИ) мұрағаты — «Documentation» жобасы коллекциясында сақталған.
Суретті ұсынған — Всеволод Демидов