.jpeg)
Елена мен Виктор Воробьёвтар — заманауи қазақстандық өнерпаз жұп. Олардың туындылары қатарына фотосуреттер, инсталляциялар, нысандар, мәтіндер және видеолар кіреді. Елена мен Виктор Воробьёвтар өз тәжірибелерінде бақылау, талдау, типологиялау, каталогтау, ирония және сюрреализм сияқты негізгі әдістерді қолданады. Негізгі тақырыптары: күнделікті өмір, билік пен қоғам, посткеңестік кеңістік.
Елена мен Виктор Воробьёвтардың тәжірибесі күнделікті өмірді таспалауға негізделген. Олар қала көшесін мәтін ретінде қарастырып, оның жол белгілері немесе көше жарықтандыру сынды элементтерін талдайды («Кездейсоқ бақылаулар», 1999-2004 жылдар) («Аспан әшекейлері», 2001-2007 жылдар). Елена мен Виктор Воробьёвтар нысандардың формасы және материалдарымен жұмыс істеп, олардың агрегаттық күйін өзгертеді («Қысқы сублимацияланған нысан», 2004) болмаса оларды жаңа, табиғи контекске орналастырады («Қазба қалдықтары» сериясы, 1996-2000 жылдардың басы). Олардың бірқатар өнер туындылары қоғамды бақылау құралдарын таспалап («Винтаж», 2018), биліктің соқыр ұстанымын мазақ етеді («Ленин таулары», 2015).
Елена мен Виктор Воробьёвтардың туындылары «Жігер. XV республикалық көрме» шығармашылық жастар фестивалі (СХ көрме залында, Алматы, 1988), ЦВЗ Дирекциясы ұйымдастырған көрме (Алматы, 1994), VI Стамбұл биенналесі (1999), No Mad’s Lands (Haus der Kulturen, Берлин, 2002), Tracing Roads through Central Asia: Dilemmas and Travelers’ Perspectives (Yerba Buena Center for the Arts, Сан-Франциско, 2008), At the Crossroads: Contemporary Art from the Caucasus and Central Asia (Sotheby's, Лондон, 2013), LVII Венеция биенналесінде (2017), «Фантомды шындық» (Aspan Gallery және «ДОМ 36», Алматы, 2022) сынды көрмелерде көрсетілді.
Елена мен Виктор Воробьёвтардың жұмыстарының фотосуреттері және олар туралы ақпарат «Documentation» жобасы коллекциясында сақтаулы: Елена және Виктор Воробьёвтардың коллекциясы және Сорос-Алматы қоры, Заманауи өнер орталығы (СЦСИ) мұрағаты.
Суреттерді ұсынған — Елена Воробьёва және Виктор Воробьёв