«Композиция: Негіз» балаларға арналған арт шеберхана

7–12 жастағы балаларды «Композиция: Негіз» арт-шеберханасына шақырамыз, бұл — қатысушылар композицияның негізгі қағидаларымен танысып, оларды өнерде, сәулет өнерінде және өзін қоршаған кеңістікте байқауға үйренетін төрт сабақтан тұратын цикл.
Сабақтарда балалар ырғақ, симметрия мен ассиметрия, контраст пен нюанс, статика мен динамика, тепе-теңдік, масштаб, мөлшерлестік пен доминантаның қалай жұмыс істейтінін талдайтын болады. Аталған қағидаларды қатысушылар Целинныйда өтіп жатқан екі көрмеден, ғимараттың сәулетінен және жекелеген туындылардан іздеп, артынша оларды өз жұмыстарында қолданатын болады.
Курс Балнұра Нүсіпованың Ümit Playground: Memory Games көрмесімен және Алматы Тұңғыш Үкімет үйі мен конструктивизм сәулетіне арналған «Форманың оралуы» көрмесімен танысудың қосымша тәсілі болмақ. Балалар көрмелерді нақты визуалды қағидалар арқылы қарастыра алады және өнерпаздар мен сәулетшілердің форма, ырғақ, масштаб және кеңістікпен қалай жұмыс істейтін мейлінше жақсы түсінетін болады.
Әр кездесу шағын теориялық бөлімді, көрмені немесе Целинный кеңістігін зерттеуді және Ательедегі пратикалық сабақты қамтиды. Төрт сабақта балалар қағаз бен фломастерлер, акварель, ермексаз, мақта мен тігу сынды әртүрлі материалдар мен техникаларды байқап көреді.
Бағдарлама
6 қыркүйек, 14:00–15:30
1 сабақ. Ырғақ пен симметрия
Метр, ырғақ, симметрия және ассиметрия, көлденең, тік және радиалды осьтермен танысатын боламыз. Аталған қағидаларды «Форманың оралуы» көрмесі мен ғимараттың сәулетінен іздеп, кейін қағаздан ауқымды симметриялық композиция жасаймыз.
13 қыркүйек, 14:00–15:30
2 сабақ. Нюанс пен контраст
Форма мен түстің нюансы мен контрасты қалай жұмыс істейтінін анықтаймыз. Балнұра Нүсіпованың Ümit Playground: Memory Games көрмесінен мысалдар іздеп, акварельмен төл кескіндеме туындымызды жасаймыз.
20 қыркүйек, 14:00–15:30
3 сабақ. Статика, динамика және масштаб
Статика мен динамика, тепе-теңдік, баланс, мөлшерлілік пен масштаб туралы айтамыз. Целинный қасбетін, интерьері мен оның айналасындағы кеңістікті зерттеп, артынша ермексаздан «Өте кішкентай, өте үлкен әлдене» атты мүсін жасаймыз.
27 қыркүйек, 14:00–15:30
4 сабақ. Доминанта және композицияның өзегі
Композициялық өзек, біртекті композиция және доминанта түсініктерімен танысамыз. Аталған қағидаларды Целинный холлындағы Евгений Сидоркиннің панносы мысалында қарастырып, геометриялық тоқыма элементтерден композиция жасаймыз.
Сабақты педагог, өнерпаз, сәулетші, инклюзивті арт және би-қозғалыс терапевті Екатерина Никонорова өткізеді. Ол Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясын және Мәскеу интегралды психология институтын тәмамдаған, Сан-Францискодағы California College of the Arts-та тағылымдамадан өткен. Мектептерде, емханаларда, қорлар мен университеттерде көркемдік және арт-терапевтік бағдарламалар өткізген, балаларға арнап өнер, сәулет өнері туралы авторлық курстар жасаған.
Барлық сабақ Целиныйдың екінші қабатындағы Ателье білім беру кеңістігінде басталып, сонда аяқталады. Сабақ барысында қатысушылар көрмелерді тамашалау және орталық ғимаратын зерттеу үшін төменге түседі.
Әр сабақтың ұзақтығы — 1,5 сағат. Бір сабақтың бағасы — 8000 теңге, төрт сабақты қамтитын толық цикл бағасы — 27 000 теңге.
Сабақтар орыс тілінде өтеді.