Перформанс Barsakelmes
Барсакелмес Орталық Азиядағы қазіргі зияткерлік ой-пікір мен саяси тәжірибе контекстінде басқа мағынаға ие болып отыр. Ол Арал теңізінде көзден таса жатқан аралдың атауы және сауығу немесе мүлдем ұмыту беймүмкін көрінетін өз алдына бөлек отарлық жады. Бірақ перформанстың көздегені де осы — біз барса, қайтып келу мүмкін болмайтын
Барсакелместе отарлық жарасынан айыға аламыз ба?
Барсакелмес — Арал теңізінің тарихындағы ең жұмбақ аралдардың бірі. Ол бүгінде құм далада яки шөлде көзден таса болған үстірт, суы тартылып қалған теңіздің жұрнағы ғана. Барсакелмес — отарлық өткеннің қасіретті жұрнағы, қолдан жасалған апатты еске түсіретін көрініс әрі тұтас аймақтың ғайып болып бара жатқан жады. Көз алдымызда теңіздің жойылып бара жатқанын алғаш көрген жандардың ұрпағы, Орталық Азияның қазіргі тұрғындары — біздер бұл алапат апаттың салдарымен бетпе-бет келуге мәжбүрміз. Балықшы ауылдарды Көлтаусардай жұтқан тұзды дөңдер, автокөлік пен жолаушыларды бейтаныс жерде жолынан адастыратын құм боран, жойылып кеткен өмір салтының елесі мен жан жарасы.
Суы құрғаған теңіздің түбіндегі тақыр төбелердің арасынан әлі де хабар беретін отаршылдықтың жойқын әсерінен құтылу мүмкін бе? Barsakelmes атауының бойға үрей ұялататын мағынасын жою ше? Бұл ұжымдық перформанс аталған сұрақтарға жауап іздеу талпынысы. Ол мифтер мен аңыздардың, көне заманнан келе жатқан қауіп-қатердің және бәрі жақсы болады деген өшпес үміттің жұмбақ әлеміне енуге шақырады. Сондай-ақ бұл тәжірибе «отарлық өткеннен оралу мүмкін бе?» деген маңызды сұрақ қояды. Перформанс көне мифтер мен мағыналарға қайта мойын бұрмай жаңа мағына беруге ғана емес, сонымен қатар Барсакелместегі мазасыз елестер мен зұлым күштерді тыныштандыру
үмітіне толы хикая.
Апаттың салдарын қалай жоямыз? Жердің әбден қаңсыған шөлге айналып, қоғамдастықтар және олардың тұрмыс дәстүрі толықтай жойылып бара жатқанда ұжым болып оған қалай төтеп бере аламыз? Арал теңізінің феномені және оның жойылуы тақырыбы көптеген жергілікті автор мен суретшінің назарынан тыс қалмады, осы орайда олар адамдардың трагедиясына ғана емес, сонымен қатар жергілікті қоғамдастықтардың төзімі мен дамуына, дала мен шөлде тірлік кешіп, бүгін көкжиекте сонадайдан көзге түсетін жақын маңдағы көне балықшылар ауылдарына және бір кездері арнасынан асып жатқан ұлы теңіздің жоғалған карталарында орналасқан жерде тіршілік етудің жаңа тәсілдерін іздеуге көңіл бөледі. Алайда Барсакелмес көлік тізгіндеп, болмаса жаяу келе жатқанда немесе суы құрғаған Арал теңізінің түбімен жүргенде GPS арқылы анықтау қиынға соғатын жер емес. Ол белгілі бір тәжірибенің яғни қазіргі заман тарихындағы «постотарлық сәттің» бейнесі.
Бұл перформанс пен көркемдік зерттеуде Барсакелмес — Арал теңізінің бүкіл экожүйесін жойған кеңестік отаршыл экспериментті еске салатын алапат ақырзаман туралы хикая емес, яғни, заманауи әртіс және музыкант SAMRATTAMA, «Балхаш снится» spoken-word жобасы, әнші dudeontheguitar, Steppe Sons фольклорлық тобы, әнші Zere, саунд-әртіс Lovozero және вокалдық-экспериментал әртіс Сәәдет Түркөз қатысқан әрі Гүлнұр Мұқажанова және Дария Темірханның инсталляциялары мен көркемдік жұмыстары арқылы визуалды түрде қолдау тапқан ұжымдық заманауи интерпретацияда олай көрініс таппаған. Аталған перформансты SAMRATTAMA ойлап тауып, өзі режиссерлік етті, сондай-aқ «Целинный» заманауи мәдениет орталығының айрықша қолдауымен және әріптестік негізінде qazaq indie ұжымы продюсер болды.
Ақтығын айтқанда, бұл — ғұрыптық ән және бейотар (немесе ұзақ уақыт отарлық шырмауында қалмайтын) болашақтың үмітке толы көркем мәлімдемесі. Сауығудың жолы бар, ал ол үшін ұжым болып күш салып, теңіздің түбінен шыққан зұлым рухтарды оның тұңғиық түбіне оралтып, меселін қайтару керек.
Барсакелмес перформансында — бұл үміт туралы хикая, ежелгі космологиялар мен білімді қазіргі жағдайлар мен мүмкіндіктерге бейімдейтін жаңа пішімге айналдыра алатын сиқырлы әңгіме. Бір кездері қыз-қыз қайнаған тірліктің көзі болған теңіздің орнын басқан тұзды шөл жаңа тіршілік иелері бейімделе алған, кіші Аралдан қалған тұзды суда жаңа балық түрлері қайтадан пайда болды, ал постотар Қазақстан төл жарасын емдеу жолдарын іздеген мекенге айналды. Ол мекенде тіл мен тәжірибе апаттан кейін өмір сүруге бой үйретудің үміт арқалаған хикаясын құрақ көрпедей бірге құрайды. Тіл мен тәжірибелер апаттан кейінгі үмітке толы хикаяға тоғысады. Маңғаз дала көріністері мен дыбыстар тіпті жойылып кеткен теңіз түбінде де өмір жалғасып жатқанын еске салады.
Барсакелмес — бейімделу тәсілдері және отарлық жағдайында ата-баба ілімі, жойылып, қайта қалпына келтіру арқылы өмір сүруді үйрену туралы. Барсакелмес — құмның әр қиыршығынан, әр дыбыстан, даладағы жаңғырықтан білім алуға болатынын хабарлайтын перформанс. Жалғыз суретші теңіздің қасиетті тұңғиығына рухани сапар шегіп жатқанын аңғарады, әрі кенеттен, өзі ұмыт болды деп ойлаған білім көзі жергілікті бақсы, шырақшы, аққу сынды тіршілік иелерінің әндерінде қайта тіріледі. Жердің әні. Судың жады. Сауығуға шақыру. Бұл саяхатқа аттануға әбден болады — себебі Барсакелмес деген үрейлі атауына қарамастан, оған барған жан мүлдем басқа адам болып оралады.
Орталық Азияның көптеген заманауи суретшісі мен өнер адамы кеңестік кезеңде де, сондай-ақ әсіресе 1991 жылдан және тәуелсіздік алғаннан кейін рухани сапарлар және бақсылық коллаборациямен тәжірибе жасаған болатын. Мәселен, қазақ мәдиеттанушысы Мұрат Әуезовтің еңбектері әрі 1960-шы жылдары жеке басының дағдарысы кезінде Маңғыстауға жасаған рухани сапары жайлы күнделіктері, сондай-ақ оның бақсылардың рөлі, бақсылар және дала мифологиясы туралы түбегейлі зерттелген қолжазбаларын мысалға келтіруге болады.
Келесі жарқын мысал — қазақ даласы мифологиясының шежіресін құрастырған көрнекті географ, этнограф және ғалым Серікбол Қондыбайдың еңбектері. Сонымен қатар жазушы, музыкант, композитор және философ Таласбек Әсемқұловтың және мәдениеттанушы, жазушы, зерттеуші Зира Наурызбаеваның еңбектерін атап өткен жөн. Отарлық кезеңнен аман қалған білім, дыбыс және топография арқылы аталған авторлар бір кездері бізді ұмытуға, жадымыздан өшіруге, отарлық мұраның сарқыншағы саналып, өткенде қалдыруға бұйрық берілген дүниелерге баса назар аударады.
Тәуелсіз (посткеңестік) Қазақстан заманауи өнері дамуының әртүрлі кезеңінде көптеген өнер адамы шабыт іздеп немесе жеке бастың дағдарысынан арылу үшін еліміздің киелі жерлеріне рухани сапар шегетін, бақсыларға баратын. Осындай сапардан шабыт алған олар Қазақстанның заманауи өнерінде орны бөлек, ерекше туындылар жасады. Бұл тәжірибе олардың көпшілігінің, соның ішінде Алмагүл Меңлібаева, Kyzyl Traktor тобы, Саид Атабеков, Рустам Хальфин және тағы басқа заманауи әртістердің аты аңызға айналған заманауи өнер жауһарларын өмірге әкелуіне қозғау салды.
Осы орайда рухани саяхат немесе киелі жерлерге баруды өзін-өзі экзотикалау әрекеті деп түсінбеу керек. Мұндай тәжірибені тек өнер адамдары ғана тән емес, тіпті өнерге қатысы жоқ жандар да бастан кешіреді, демек ол Қазақстан мен бүкіл Орталық Азиядағы әртүрлі адамның діліне, рухани мінез-құлқына тән маңызды, дағдылы, жергілікті мәдениетте терең тамыр тартқан тәжірибе. Көп адам үшін бақсыға бару немесе қасиетті орынға (кесене, сопылық ғибадатхана немесе киелі деп саналатын шатқал тәрізді табиғи нысан) зиярат ету — рухани сауығудың түрі. Оған басқа жолмен қол жеткізу мүмкін емес. Ендеше бұл көркемдік бейнелеу әрекеті ғана емес, сондай-ақ әркімнің қолынан келетін өмір
тәжірибесі.
Рухани сапарға аттану — өзіңді табу үшін жолға шығу деген сөз. Жазушылар, музыканттар, суретшілер сынды өнер адамдары қазіргі заманда шығармашылығына жаңа мағына іздеп, мән үстеу үшін бұл тәжірибені жалғастырады.
Barsakelmes перформансы — бұл музыканың керемет күші зұлымдықты қуып, адамдарды көп нәубеттен құтқарғаны туралы әңгімелейтін Орталық Азияның ежелгі аңызына жаңа, заманауи жан бітіру.
Аңызға сенсек, мың жыл бұрын жер бетіндегі халық адам айтқысыз қасіретке душар болады: құбыжық айдаһар бастаған, аузынан от шашатын дәу жыландар киіз үйлерді өртеп, елді мекендерді қиратып, тұтас қауымды ойран қылды. Адамдар құдайларға жалынып-жалбарынып, бәленің бетін қайтаруын сұрайды.
Бір күні адамзаттың жанайқайы Көк аспанға жетті. Бұлт арасынан түйе мінген, сырлы да киелі аспап — қобыз тартқан Нұртөле деген бала шықты. Маң-маң басып бара жатқан түйеге теріс мінген Нұртөле жыландардан көз алмай, қобызын тарта берді. Қобыздың әуеніне ұйыған құбыжықтар оған мойынсұнып, соңынан еріп кете барды.
Музыка бір сәт те дамылдаған жоқ. Құбыжықтар терең теңіздің түбіне жеткенде де қобызын тарта берген Нұртөле осылайша жылан мен айдаһарды жуасытып, адамдардың зәре-құтын ұшыратын күшінен айырды. Одан бері зұлымдық атаулы теңіздің түбінде қалды, ал музыка бір сәт те тоқтамай, судың үстінде тіршілік ететін жандарды жұбатып, қорғады дейді аңызда. Кей кезде жыландар сиқырлы әуеннің әсерінен құтылмақ болып, иіріліп, теңізде дауыл көтере бастайтын. Бірақ мұндай кезде Нұртөле қобызды құйқылжыта тартып, жыландарды арбап, одан да тереңірек, Теңіз түбінің қойнауына қуып тықты.
Қазір де – теңізде жүзгенде немесе алыс аралдарға аялдағанда қасиетті қобыздың әуенін естуге болады деседі. Нұртөленің жыландарды қай теңіздің түбіне қуып тыққаны белгісіз, десе де аңызға қайта құлақ түрсек, әңгіме Арал теңізі туралы болуы мүмкін. Аралдың Барсакелмес деген атауының шығу төркіні де осы аңызда жатыр.
Аңызды жаңаша пайымдасақ, ғасырлар бойы зұлым жыландар мен айдаһарлар тұңғиық теңіз тереңінен шыға алмай жатты. Солайша адамдар олардың жойқын күшінен аман қалды. Бірақ теңіздің суы тартыла бастағанда, залым күштер бұл дүниеге барар жол тауып, адамдарды тағы да үрей қыспағына алды.
Арал теңізінің жойылуы аймақта бұрынғы зұлымдықтың оянып, еркіндікке шығуына себеп болып, бұл құбылысқа тереңірек символдық мән береді. Мифологиялық тұрғыдан қарағанда, Аралдың жойылуы жаңа рухани сын-қатерлер мен дағдарыстар тудырып, XXI ғасырда біз бетпе-бет келетін рухани сынақтардың бастамасына айналады. Мүмкін, осы жаңа дағдарысты еңсеріп, айдаһар мен жыландарды жеңу үшін бәріміз бірге күш біріктіріп, Нұртөлеге зұлымдықты қайтадан жуасытып — төл мекені — жаңа Теңіздің түбіне батыруға көмектесуіміз керек шығар.
Barsakelmes перформансының негізінде осы ой жатыр, онда ежелгі аңыз біздің «дағдарыс» және зұлым рухтар туралы түсінігімізге заманауи сын ретінде қайта ой елегінен өтіп, жаңа мәнге ие болады.
Белгілі этнограф, географ және мифтерді жинаушы Серікбол Қондыбайдың айтуынша, Нұртөле туралы аңыздағы жыландар мен айдаһарлар — бұл өз ұрпағын ең ауыр дағдарыстар арқылы сынайтын ата-баба рухтары — аруақтар. Көшпенділер дәстүрінде оларды еске алып, құрмет көрсету — міндет. Қазіргі Орталық Азияда да ата-баба рухтарын еске алып, ас беру рәсімдері сақталған. Ән мен музыка мұндай еске алу рәсімдерінің бір бөлігі бола алады.
Перформансқа оның барлық қатысушысы — авторлары, заманауи әртістер мен әншілер, композиторлар, ақындар мен музыканттар: Samrattama, Steppe Sons, Zere, «Балхаш снится», Saadet Türköz, dudeontheguitar, Lovozero, сондай-ақ Гүлнұр Мұқажанова мен Дәрия Темірхан,
көрермендер де қатысады.
Арал теңізінің қасіреті мен оның аралдарында жасырын жүргізілген кеңестік операциялар, соның ішінде Возрождение аралындағы сирек ауруларды сынау немесе ядролық сынақ алаңдарының қалдықтары туралы сөз қозғағанда, біз адамнан өзге тіршілік иелері — жануарларды, өсімдіктерді, сондай-ақ топырақ, су мен ауаны — ескереміз бе? Бұл сұрақтың барлығы осы перформансқа — салт-дәстүрге ену негізінде қойылады. Перформанста кемінде бес басты қатысушы топ бар: бақсылар, ақындар , жыраулар, сал-серілер және көрермендер — олар рухани күшті біріктіру арқылы перформанс нәтижесіне белсенді түрде ықпал етеді.
«Барсакелмес» перформансының тұжырымдамалық және практикалық негізі: кез келген адам күшке де, даналыққа да ие бола алады — тек соған ұмтылу керек деген идеяға арқа сүйейді. Осылайша, Барсакелмеске шақыру — бұл «қайтып келмеудің» үрейлі тәжірибесі емес, адамның дайындық дәрежесіне қарай оны рухани өзгеріске бастайтын рухани
оянуға үндеу.
Бұл перформанста әрбір қатысушы — бір мезгілде әрі кейіпкер, әрі елші, әрі интерпретатор, әрі қабылдаушы бола алады.
Нұсқау
Осы саяхатқа аттану үшін ата-бабамызға жат отарлық дәстүрдің әсерімен қалыптасқан қате түсініктерден арылып, сызықтық пен құрылымдық ойлаудан бас тартуымыз керек; жекелеген қасаң көзқарастар мен көркемдік сын канондарын ойдан шығарған абзал; санамызда еріксіз пайда болатын үміттерді босатуымыз керек; қайда кіріп бара жатқаныңды ұмытқан дұрыс — өйткені бұл жердің пайда болуы мен тарихы осынау әсерлі тәжірибеге сүңгу барысында ұмыт болады.
Бұл саяхатқа шығу үшін — музыканы тек концерт, бейнелеуді тек биік өнер деп түсінуге үйреткен дәстүрлі өнер шеңберінен тыс көзқарас керек. Бұл саяхат сізден ұмытуды талап етеді – яғни, отарсыздық және отарсыздандыру туралы білетініңіздің бәрінен бас тарту, өйткені алдағы уақытта бастан кешетін дүниенің бәрі ешбір шеңберге де, қалыпқа да сыймайды әрі сыймауға тиіс. Бұл саяхатқа шығу үшін, тіпті арамыздағы ең тәжірибелі тарихшылар, театр сыншылары, кураторлар мен жазушылар тәніміз санамызды шектейтін сөздік қорды ұмытуы керек.
«Бақсының» нені білдіретінін ұмытыңыз.
«Жырау» туралы (білетін шығармын деген ойдың) бәрін естен
шығарыңыз.
Қазақ тілі оқулықтарында көрген өрнекті дәстүрлі киім киген адамдардың
түрлі-түсті суреттерін жадыңыздан өшіріңіз.
Таза параққа айналыңыз.
Өзіңізге және санаңызға таныс сөздерге, уақыт ұғымдары мен бұрынғы
тәжірибелерге жабыспай, ағынға ерік беріңіз.
Сіз сиқырлы саяхатқа аттанғалы тұрсыз.
Бұрын-соңды сезінбеген дүниені сезінуге дайын болыңыз.
Басты кейіпкерлер
Бақсы деген кім? «Шаман» ұғымы өзінің әу бастағы түпнұсқа мағынасынан алшақтаған, нью-эйдж түсініктерге бой алдырған, нағыз бақсылар — трансцендентті тұлғалар. Олар бір бойына бишілік, орындаушылық, ежелгі білім иесі, оны білетін және жеткізетін арна әрі
сақтаушы қасиеттерін сыйдырған.
Бақсы — біздің әлем мен киелі, тылсым, беймәлім дүниенің арасындағы дәнекер. Ғұрып кезінде ән айтып, би билеген сәтте олар трансқа еніп, тылсым және беймәлім рухтар әлемімен яғни қамқоршы ата-бабалардың рухтарымен байланысқа шығады. Бұл күйде олар көбіне не болғанын есінде сақтамайды, өйткені бір сәтте өзіне айналып әрі өзінен жат мүлде басқа болмысқа айналады Салт-жора кезінде бақсы басты рөл атқарады: ол жеткізуші ғана емес, сондай-ақ рухани жол көрсетуші – «шекарада жүрген жаратылыс», ол осында өмір сүреді, бірақ сонымен бірге қолында басқа дүниенің есігін ашатын кілт бар. Бақсылар — перформанстың бірінші тобы, бірінші элементі. Олар қиялымызда пайда болатын және өмірге келетін жаңа теңізге апарар жол көрсететін карта және навигация құралы
іспетті.
Екінші топ — ақындар немесе жыраулар төңірегінде топтасады. Олар көшпелі қоғамда маңызды рөл атқарды: әндетіп айтылған сөздер мен суырыпсалмалық арқылы дауларды шешіп, әділдік орнатып, дауға тоқтам қою үшін арнайы шақырылатын болған. Әртүрлі ру-тайпалар мен қауымның жүгін арқалаған ақындар көпшілік алдында қолма-қол суырып салып айтылатын поэтикалық және ән сайысы — айтыс арқылы ойын, десе де көркемдік тұрғыда аса күрделі мәселелер мен күрмеуі қиын даулар шешілген.
Үшінші топ — жыраулар. Жырау — музыкант, ақын, данышпан және шежіреші, бүтін бір халықтың тарихын жыр — эпос түрінде жеткізуші. Көбіне жартылай салт-жоралғы түрінде орындалатын жыр, ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, жырды әндетіп орындаудың емдік қасиеті болған.
Төртінші топ — сал-серілер: батырлардың, жауынгерлердің және жыршылардың мистикалық бауырластығы. Көздің жауын алатын матадан тігіліп, құс жүнімен әшекейленген алуан түсті киім киген олар көпшіліктен ерекшеленіп, жауынгерлерге эпикалық шайқастарда шабыт сыйлады. Сал-серілер музыкант бола тұра, жүрек жұтқан жауынгер есебінде шайқастарға қатысқан. Олардың мұрасы бір сәтте тылсым әрі құпияға толы еді. Адамдар сал-серілердің сиқырлы қабілеті бар деп сенді, олар өлімнен қорықпауы мен таланттарының арқасында жеңілмейді деп саналған.
Соңғы топ — көрермендер. Олар жай ғана бақылаушы емес, салт-жораның мәнін түсініп, оған негізгі актормен бірге атсалысатын белсенді қатысушылар. Сал-сері, бақсы, ақын және жырау — көрермендердің арқасында пайда болған тұлғалар, қазіргі мағына мен мәнді де солар берген. Бұл перформанста көрермендер де тең деңгейде әрекет етуші субъект рөлін ойнайды — олар басқа басты кейіпкерлерге де, бүкіл рәсімге де мән-мағына.
Әр көрермен кез келген негізгі кейіпкердіңрөлін сомдай алады. Олар бақсы, ақын, жырау яки сал-сері бола ма? Олар қай топты таңдайды? Қатысушы ретінде бәріміз бұл перформансты ұжымдық түрде қалай түсінеміз және болашақта оған қандай мәтіндік сипат береміз?
Перформанс әр күні жаңа көрермендердің қатысуымен жаңа мән-мағынаға
ие болатын құрылымға сай бейімделген.
Әр әртіс мұқият таңдалады, өйткені оның қатысуы — салт-жораның сәтті өтуінің негізгі шарты. Әр әртісте ежелгі білімді ашуға, музыка мен салт-жораның тылсым құрылымдарына енуге мүмкіндік беретін қасиет бар.
Бәріміз тізе қосып, жаңа Теңізді өмірге әкеліп, Нұртөлеге зұлым рухтарды ауыздықтауға көмектесіп қана қоймай, салт-жораның өзіне де мән үстейміз.
Шынайы сенімсіз сиқыр болмайды.
Қатысу болмаса, салт-жора жүзеге аспайды, ал әрбір қатысушы тең үлес
қоспаса, мағына да пайда болмайды..
Мұнда қарапайым көрермен жоқ, бәрі – перформансқа белсенді қатысушы. Осынау бірліктің арқасында әр кезде әртүрлі перформанс мәтінін жасаймыз – өйткені әр жолы акторлар ауысады. Жаңа Теңізді жасап, зұлым рухтардың бетін қайтару сиқырын музыкаға беру — осының бәрі біздің қолымызда.
Осынау салт-жорада музыка да айтарлықтай маңызды рөл ойнайды. Бұл тәжірибе үшін жай ғана фон немесе мәтін емес, оның емдік қасиеті бар. «Музыка дегеніміз – ұстаз, бұл перформанстың қозғаушы зияткер күші; Музыка дегеніміз — жаңа теңізді жаратып, отарлық өткен күннің жарақатын емдей алатын шипагер, мағына, және күш», – дейді Самрат.
Музыка — барлық қатысушыны әртүрлі әрекетке бағыттамай, өзара байланыстырып, біртұтас, нақты әрекетке жұмылдыратын делдал/құрал; ол негізгі кейіпкерлердің басын қосып, бізді жыландар мен айдаһарларға қарсы келе алатын ұжымдық күшке айналдырады.
Музыканың жарқын күштері зұлматты жеңіп, оны әлдебір басқа нәрсеге айналдыратын жаңа баламалы болашақ жасауға негіз болады. Музыка — Нұртөле және ол тәжірибе жасайтын тылсымнан тыс, бейнелік әрі шынайы жыландар мен сын-қатерлердің бетін қайтаруға қызмет ететін негізгі компонент. Музыка тарих жасаушыға, шипалы күшке және әрбір жырды, әрбір қасиетті, перформанс барысында айтылған және жазылған әрбір жолды байланыстырып тұратын біріктіруші баянға айналады.
«Барсакелместі» мүмкін еткен не
Бұл перформанстың көркемдік баяны 2025 жылдың қыркүйегінде болатын
іс-шарадан көп уақыт бұрын басталған. Балама ақиқаттарды іздеуге және жойылып, мәжбүрлі түрде ұмыт болған нәрсені қайта еске түсіру үшін сапарға шыққан Барсакелмес оны жасаушыларды біраз уақыт бойы мазалап келді. Су тасқыны, зорлық-зомбылық, әлеуметтік теңсіздік пен қақтығыстар сынды түрлі апаттарды бейнелеген фотосуреттермен қатар «Барсакелмес» сөзі әлеуметтік желілерде жұмбақ хабарлама ретінде пайда болғаннан күннен бүгінге дейін Қазақстан қоғамының берекесін қашырып отырған барша зұлымдық атаулы мен зұлым рухтарды көрсетті. Перформансқа қатысушы әр адам перформансқа үлес қосу әрі музыка, мәтін және салт-жоралғы ойлап табу үшін өзін-өзі танудың ұзақ жолынан өтті. Біреулер кәдімгі Арал теңізінің түбінде ғаламтор байланысы жоқ жерде, соңғы газ бен қуатты үнемдеп, тентіреп жүрді ме, кезінде теңіз болмаса мұхит орналасқан (Маңғыстауда) жерде бақсылық салт-жораларға қатысып, дала дыбысын жазып алды ма, болмаса өз өлеңдерін Орталық Азиядан өтетін ескі және жаңа жолдарда жүріп келе жатып жазды ма — қайткен күнде олардың әрқайсысы өзінше бір ізденіс сапарына шыққан еді.
Қазіргі Орталық Азияның гибридтілігі қасиетті мәтіндерді орындаудың, дәстүрлі аспаптарды жасаудың және олардың құлағында ойнаудың ежелгі, көбіне ұмыт болған тәсілдерін қайта пайымдау мен бейімдеуді, сондай-ақ қасиетті үндерден музыка тудыруды үйрену мен қайта үйренуді талап етті. Сондай-ақ ойнау, орындау, жазу және аталған кодтарды жандандыруға кімнің құқығы бар деген күрделі сұрақтарды да шешу талап етілді. Кейбір
негізгі кейіпкерлер шырақшылардан — дәстүрлі рухани жеткізушілерден «жол аштыру» үшін рухани зияратқа шықты. Осынау сапар мен өзін-өзі зерттеуде әр қатысушы перформанс жасау барысында бір ортаға тізе қосқан тәжірибе мен білім жинақтады.
«Егер бұл хабарламамен шығармашылық тұрғыда айналысқыңыз келсе, оны жасаңыз», — дейді Самрат. Жол ашық. Ақ жол. Әр ұрпақты, әсіресе әлі де жойылмаған отаршылдық пен отарлық заман елестері сақталып отырған уақытта апаттың салдарына қатысты күрделі мәселелер бізді мазалап, соңымыздан қалмай еріп жүре береді, сондықтан оларды шешудің бірден-бір жолы – бетпе-бет келу. Мұнда интерпретация шешуші рөл атқарады, өйткені қатысушы сантүрлі материалдықпен өзара байланыс орнатып, әрекет етеді. Музыка, би, өзін азат етудің порталы ретінде сезілетін дыбыстар, өлеңдер, салт-жораларды қайта пайымдау — мұның бәрі перформанс әркімді әрекет етуге шақыратын осы сапардың негізгі құрамдас бөліктері. Осы компоненттің бәрі бізге қиялдағы әлемдерді қайта жасап, жаңаша түсіндіруге, сондай-ақ дәстүрлер мен мифтерді, көбіне отаршылдыққа дейінгі мифтерді сыни тұрғыда қайта ой елегінен өткізіп, осыған дейін сақталған отарлыққа дейінгі білім мен космологияларды ашуға мүмкіндік береді.
Барсакелмес футуризмі
Осы Орталық Азия мифін заманауи тұрғыдан қайта интерпретациялауда өнер адамдарының жаңа буыны Нұртөлені құтқарып, оған өзі тап болған қазіргі заманның сын-қатерлеріне орай жаңа мән мен жаңа құндылық үстейді. Ол білетін теңіз тартылып, жоғалып кеткенімен, жаңа шығармашылық күштер жаңа теңіз тудырып, онда Нұртөленің музыкасы мен сиқыры тіршілік етіп, жыландар мен айдаһарлар оның музыкасына елітіп қала береді.
Сонымен, бұл перформанстың мақсаты — бірдеңені жоққа шығару немесе инициация нүктесіне қайтып келу емес, қайткен күнде бұл уақытшалық яки бұл кеңістік енді қолжетімсіз. Отарсыздық идеясына сай мақсат — отарлықты жоққа шығару емес, болмаса еx nihilo — Барсакелместі бейотар түсінікте қайта оралту тұрғысынан Барсакелмес перформансы бірдеңені жоққа шығару немесе орны толмас дүниені жоқтау емес.
Арал теңізін қайтадан суға толтыру беймүмкін; отарлық өткенді оның
физикалық немесе идеологиялық мұрасын да жоққа шығару мүмкін емес. Бірақ жаңа болашақты елестетуге болады, және бұл жаңа болашақ жаңа жолдың бастау нүктесі болуы мүмкін. Осы тұрғыдан алғанда «Барсакелмес» — жайсыз эмоция немесе күйреу туралы емес. Қайта керісінше, жыландар мен айдаһарлар бейнелеген дағдарыстар мен қиындықтар — үміт пен мейлінше позитивті негізге толы оқиғалар ретінде қарастырылып, біз оларды пессимистік тұрғыдан, тек жағымсыз құбылыс ретінде қабылдамай, керісінше, аталған тәжірибеден оң сабақ алып, бәріміз бірге еңсеруді таңдай алатынымызды хабарлайды.
Перформанстағы футуристік тәсіл сондай-ақ практикалық. «Барсакелместің» мақсаты — мұрағаттау, есте сақтау, қайта пайымдау және көне білім мен дәстүрге сүйене отырып жаңа білімді жаңғырту. Бірақ бұл 1991 жылдан кейін перформанс атрибуттары (жырау, айтыс, ақын) бастан өткерген тәжірибе — «ұлтты ояту» науқанының голограммасы есебінде пайдалануды мақсат тұтатын көне тәжірибелерді архаикалық меншіктеу емес. Бұл тәжірибелер көшелерді жөн-жосықсыз атау (Бұқар жырау) немесе жаңа «жадағай ұлтшыл» өнімнің орама қағазына қызмет етпейді.
Керісінше, ол аталған білім мен космологиялардың заманауи интерпретациядағы тиімділігін қайта қарастыруға тырысады. Ата-бабаларымызды еске алу дейтін ежелгі әрі дәстүрлі жолдан біз не үйрене аламыз? Постотар Қазақстан жағдайында қасиетті музыкалық аспапқа жаңаша үн бітіру үшін не істей аламыз? Перформанс жасаушыларды ұзаққа жалғасқан дайындық кезінде осы сұрақтар толғандырды. Бұл тек орасан зор зерттеулерді ғана емес: киелі жерлерге зиярат ету, теңіз түбіне бару, дала дыбыстарын жазу, жаңа музыка жасау үшін кеңістікпен және желмен ойнау, бақсы-шамандық әндерді ұйқастырып, ежелгі және баршаға белгілі кейіпкерлер үшін жаңа әлем жасауда трансценденттік күйді сипаттап, жазып алу сынды практикалық дала жұмыстарын талап етті.
Жергілікті бақсының қуаты – оның қасиетті салт-жоралғыларды жалғастыру қабілеті мен сұрапыл күндер әрі мазасыз уақытта да бүр жара алуында. Бақсы отарлық билік кезеңінде де (Ресей және Кеңес Одағы тұсында) өз тәжірибелерін жалғастырып отырды — көне жырларды жаңа пайда болған тілмен — халықтар достығы мен гулаг гибриді, 1930 жылы Сталиндік террор кезінде жойылып, 1989 жылы ғана қайта жаңғырған қазақ ақындарының өлеңдері, киелі далада сынақтан өткен ядролық қару дыбыстары мен оның тастанды салдарынан үнсіз қалған дыбыстар гибриді арасында астастырды. Бақсы әрдайым болашаққа көз тігеді; олар өздерін үнемі артқа тартатын — өткен мұралар, уайым мен жараның ауыр жүгі, арттан бір елі қалмайтын отарлық елестерінен босап шығып, болашаққа бағыт алады. Транс күйіне енген бақсы өткеннің, бүгіннің және болашақтың, ерте, ерте, ертедегі өткен мен жап-жаңа болашақтың арасындағы қарапайым уақыттық шектерді кесіп өтеді (қазақ тілінде уақыт шектері өте көп). Осы тәжірибе сияқты «Барсакелмес» перформансы да салт-жора, музыка, би және жырды өзін–өзі анықтау үшін бітпейтін “пост-немесе де-”сөз алды қосымшаларын керек етпейтін футуристік күйді портал ретінде қолданып, әртүрлі уақыт деңгейінде бар болады. Перформансқа дайындық әр қатысушыдан үйрену және ұмытып қайта үйрену, оқу, сондай-ақ аталған салт-жораларды заманауи практиктер — халық аспаптарында ойнайтындар, музыканттар, тарихшылар, мәдениеттанушылар, тәжірибесін жалғастырушы бақсылармен және т.б бірге тыңдау әрі тәжірибе жасау. Дайындық ұзақ уақыт алды, бар білім мен тәжірибені ымыраға келтіру, сондай-ақ қатысушылардың көпшілігі бұрынғы жұмыстарында сынға алған құрастырылған мифологиядан бас тарту талап етілді.
Перформансқа қатысушылардың бірі — Әнуар Дүйсенбиновтің айтуынша, Барсакелмес — бір кездері картада орын тепкен Арал теңізіндегі арал болған, ал қазір Орталық Азия даласындағы ұлттық саябақ атанған, Қазақстанның оңтүстігі мен Өзбекстанның солтүстік-шығысының арасында орналасқан аса жаңа шөл. Ол Арал теңізі түбінде адасқан тәжірибесін Barsakelmes өлеңінде былай суреттейді:
аса жаңа шөлге енді табан тіреген біздер келе жатырмыз
тіпті мұнда, талан-таражға түскен судың түбінде
аяғыңның астындағы өлім
бақалшық сияқты аузын ақсита ашып, күлетін жерде
өмір дамылдауды қаламайды
тіпті мұнда, тіпті мұнда, тіпті мұнда
жаңа формалар, шығатын есіктер табады
еңбектейді, ұшады, ізі мен сүйегін қалдырады
әлі, қозғалады, құйындай өте шығады, алады тыныс
BARSAKELMES
бұл тылсым кеңістік, құдды біз жерді жыртып қана қоймай
жадымызға жара егеміз
көліктің дөңгелегі терең іздер қалдырады
қайтып оралу үмітінің, жаңбыр мен жанармай туралы күдіктің тұқымын
шашатындаймыз
қамсыздық бізге еркіндік сияқты
біз жол бере алмайтын қамсыз күй
қамсыздық бетпердесін киген елес
BARSAKELMES
сулар үстінде тылсым күйде жайғасқан арал
біздің бір күні оған теңіз түбімен жетіп
оның әбден қызған жерінде сейіл құратынымызды білді ме екен
желмен айналаға тарап кеткен тылсым — әрі оның қалдықтары
құйынға айналып жиналып, желдің тозығы шыққан әуенінің айналасында
тентіреп жүреді де қояды
кімді қорғарын, кімнен қорғарын ұмытып
жадыңнан өшпес, жадыңнан өшпес, жадыңнан өшпес
BARSAKELMES
ит өлген жерде. мұнда тұтас бір теңіз жан тапсырды
тағы басқа өлгендер көп — біз бұрынғы жағалаудағы
қоныстардың картасына ұзақ үңіліп
аса жаңа өмірдің бұйыққан күшіне құлақ салдық
теңіздің түбінде тұрып өзіңді жалаңаш қорғансыз сезінесің.
экзистенсиал қорқыныш теңізіне батып
шөлдің ортасында қалған тастанды кемедей
шуақты жылтыраққа малынған іші үңірейіп бос қалған бақалшықтай
аспанның жарылған түсіндей
үйінен жырақтап бара жатқанын үнсіз бақылап тұрған балдырдай,
қимылсыз
BARSAKELMES
Біз жол іздейміз деп кейде өзіміз басқан іздерге қайта табан тіреп,
сонау тұңғиықты айналшықтай береміз
беймаза тыныштыққа шырмалған күйі
бұл жерден тездетіп із суытып,
мұнда мәңгі қалғымыз келеді
Barsakelmes перформансы кезінде әртістер бізді ерекше сауығу салт-жорасына қатысуға шақырады, онда рәсімнің әрбір сөзі мен әр ишарасы жаңа мән мен интерпретацияға ие болады.
Бұл жайттың әр құрамдас бөлігіне назар аударыңыз. Заманауи тілге енді қайта бейімделген көне дұғаның ырғағымен бірге қозғалуымыз керек пе? Біздің кейпіміз бен тәжірибемізді көрсететін жаңа формалар жасауымыз керек пе? Ұжым болып ескі салт-жораның жаңа түсіндірмесін қалай жасай аламыз?
Әрбір жаңа перформанс жаңа мағыналар үстеп, уақытшалық, кеңістіктік, сондай-ақ сын-қатерлер мен құбыжықтарды біздің қайта пайымдауымыздың, жаңғыртуымыздың, қайтадан бастан өткеріп, қайта жасауымыздың тірі, қозғалмалы мұрағатын жасақтайды. Әр жаңа сынақтың қашанда шешімі бар — ол оны еңсерудің шипалы тәжірибесі. «Барсакелмес» перформансы өткенге, бүгінге және болашаққа басқаша қарауға шабыттандырады. Бұл бізге жаңа жол мен жанр іздеуге күш-қуат береді, біздің дағдылы біліміміз бен тәжірибемізді жанартаудай сілкіп, ізденгіш санамызға сұрақтар қояды. Бұл перформанс қатысушылардың бәріне қалай әсер етеді және бәрі аяқталғаннан кейін не қалады деген сұрақ көкейде тұр. Әркім өзін жаңаша сезініп, үйіне жаңа білім мен жаңа тәжірибе алып қайтады. Бірақ Барсакелмес енді ешқашан бұрынғыдай болмайды — «Бұл жерден тездетіп із суытып, мұнда мәңгі қалғымыз келеді».