«Тас, қайшы, қағаз» перформативті сабақтар циклі

25.04–13.06.2026
Уоркшоп, Перформанс, Балалар мен жасөспірімдерге
Целинный

6–10 жастағы балаларды Целинныйда өтетін «Тас, қайшы, қағаз» перформативті сабақтар циклына шақырамыз.

Бұл зертхана балаларға әлемді бізді қоршаған заттар арқылы зерттеуге көмектеседі. Сабақта зат басты назарда болатын нысанға айналмақ: оны тыңдауға, мұқият қарауға, қолмен ұстап көріп, салыстырып, басқа заттармен және өз денесімен байланыстыруға болады. Жіп, пластик бөтелке, футбол добы, ағаш таяқ және эластикалық дәке мұнда бақылау, ойын және қиял материалына айналады.

Мұнда перформативті формат театрмен де, рөл ойнаумен де байланысты емес. Балалар заттарды әрекет, яғни қозғалыс, дыбыс, ишара, ырғақ, кеңістікпен және бір-бірімен өзара байланыс орнату арқылы зерттейді. Мұндай тәсіл заттардың болмысын терең түсінуге, сондай-ақ аталған білім денеде, назарда және қиялда қалай өмір сүретінін сезінуге көмектеседі.

Цикл барысында қатысушылар назар, фантазия, креативті және тәнмен ойлау, қиялдау және өз ойын еркін жеткізу қабілеттерін дамытатын болады. Курс бақылау, ойлап табу, жаңа дүниені сынап көру және қарапайым заттардан ерекше дүниелерді байқауға құштар балаларға пайдалы болмақ.

Сабақты актер, режиссер және клоун Дима Северин жүргізеді. Ол МХАТ мектеп-студиясын, Брусникин шеберханасын және Румянцев атындағы (Карандаш) ГУЦЭИ оқу орнын тәмамдаған. Дима Слава Полунин, Максим Диденко, Антон Адасинский және Дмитрий Крымов сияқты өнер иелерімен бірге жұмыс істеген.

Сабақтар әр сенбі сайын 15:00-ден 16:30-ға дейін Алматыдағы Масаншы, 59 мекенжайында орналасқан Целинныйдың Ателье білім беру кеңістігінде өтеді. Цикл аясында қатысушылар бірінші қабатқа түсіп, орталықтың басқа да кеңістіктерін зерттей алады. Қатысушылардың шекті саны — 14 адам.

Бір сабақтың бағасы — 6 000 теңге. Толық цикл бағасы — 40 000 теңге. Билеттерді толық циклге, сондай-ақ бірінші және жетінші сабаққа дейін жекелеген сабаққа да сатып алуға болады. Сегізінші сабақ ата-аналар шақырылатын қорытынды көрсетіліммен тәмамдалады. Көрсетілімге кемінде бес сабаққа қатысқан балалар қатыса алады.

Цикл бағдарламасы

25 сәуір, сенбі, 15:00–16:30
Бірінші сабақ. Дыбыс
Алғашқы кездесудер қатысушылар әртүрлі заттар қалай дыбыс шығаратынын және дыбыс жанасу, қозғалыс, уақыт әрі дене әсеріне байланысты қалай өзгеретінін зерттейді. Сабақ соңында балалар заттар, дене және дауыс үнінен ортақ музыкалық джем жасауға тырысады.

2 мамыр, сенбі, 15:00–16:30
Екінші сабақ. Фактура
Бұл сабақ заттың материалына — оның тығыздығына, үстіңгі бетіне, икемділігі мен өзгергіштігіне арналады. Балалар фактура адамға, температураға, уақыт пен ортаға қалай әсер танытатынын зерттеп, бұл арқылы өз денеңді де қалай жақсырақ сезінуге болатынын байқайды.

9 мамыр, сенбі, 15:00–16:30
Үшінші сабақ. Түс және жарық

Қатысушылар заттардың түсі, олардың көңіл-күйі және визуалды энергиясын бақылап, қабылдау жарық және түйсік арқылы қалай өзгеретініне назар салады. Бұл сабақ түсті тек танып қана қоймай, сезінуге де болатынын көрсетеді.

16 мамыр, сенбі, 15:00–16:30
Төртінші сабақ. Бағдар

Бұл кездесуде балалар белгілі бір заттың неге керек екенін және оның формасында қандай қозғалыс бар екенін ой елегінен өткізеді. Қарапайым мысалдар арқылы қатысушылар заттардың қызметі образға, қозғалыс пен өзара әрекеттесу тәсіліне қалай айналатынын түсінуге тырысады.

23 мамыр, сенбі, 15:00–16:30
Бесінші сабақ. Басқа зат. Диалог
Белгілі бір заттармен танысқаннан кейін қатысушылар заттар арасындағы қатынасқа өтеді. Жіп пен ине, жапырақ пен су, тас, қайшы және қағаз кездессе не болады? Сабақ заттар арасындағы диалогқа және бұл диалог дене мен қиялда қалай көрініс табатынына арналады.

30 мамыр, сенбі, 15:00–16:30
Алтыншы сабақ. Мен — зат
Алтыншы кездесуде балалар заттың қасиеттерін өз бойларына, яғни қозғалысқа, күйге, ырғақ пен дене сезімдеріне көшіруге тырысып көреді. Бұл денеге зейін қою, ассоциациялар және зат арқылы сезіну мен әрекет етудің жаңа тәсілдерін ашуға арналатын сабақ болмақ.

6 маусым, сенбі, 15:00–16:30
Жетінші сабақ. Көрсетілімге дайындық

Бұл кездесуде қатысушылар цикл барысында тапқан дүниелеріне оралып, өз бақылаулары мен атқарған жұмыстарына орай көрсетілімге арналған шағын формалар жинай алады. Бұл этюд, адам мен зат арасындағы диалог, композиция немесе сабақ процесі барысында туындаған басқа идея болуы мүмкін.

13 маусым, сенбі, 15:00–16:30
Сегізінші сабақ. Көрсетілім, торт, көңіл көтеру
Қорытынды кездесу циклді ашық аяқтау болмақ. Оған ата-аналар шақырылады, ал қатысушылар жақындарына да көрсеткісі келетін дүниелерін дайындайды, ол — табылған образдар, шағын сахналық қойылым, заттық композициялар, сондай-ақ өз жұмысының басқа да қорытындылары болуы мүмкін.

No items found.