Wow Бау! — Баухаус бойынша балалар мен жасөспірімдерге арналған курс

Біздің курс — бұл аты аңызға айналған Баухаус арт мектебінен шабыт алған дизайн мен өнер әлеміне сүңгуге жол ашатын айрықша мүмкіндік. Балалар түспен, жарықпен және көлеңкемен жұмыс істеу негіздерімен танысып, композиция, текстура және форма қағидаларын меңгереді.
Сабақта балалар қағаз, сымтемірден бастап, пластилин және бояулар сынды әртүрлі материалдармен эксперимент жасайтын болады.
Біз көлемді және жазық нысандарды қалай жасау керегін, әртүрлі материалдарды үйлестіріп, айрықша текстуралар жасауды меңгеретін боламыз. Аталған курс балаларға тек шығармашылық ой дағдыларын жетілдіріп қана қоймай, сондай-ақ өнер — тек пейзаж бен натюрморт қана емес, бәріне қолжетімді бірегей, қайталанбас тәжірибе екенін ұғынуға мүмкіндік береді.
Курс Масаншы 59 мекенжайында орналасқан «Целинный» заманауи мәдениет Орталығында, Ательеде өтетін болады (екінші қабаттағы білім беру кеңістігі).
Сабақ ата-аналардың қатысуынсыз балалар мен жасөспірімдерге арналған (балалар зейін қойып, жұмыста еркіндік сезіну үшін біз ересектерден аудиториядан тысқары қалуларын сұраймыз).
Қатысу бағасы: толық курс — 50 000 теңге, бір реттік қатысу — 8 000 теңге.
Курс жүргізушісі — Анна Паркина: Париждегі бейнелеу өнері Академиясын тәмамдаған, ArtCenter College of Design (Пасадена) тәжірибеден өткен, перформанс, мүсін және видео саласында жұмыс істейді.
Сабақ кестесі:
31 қаңтар (сенбі), 15:00–17:00 — Баухауспен танысу.
Көлемді пластикалық композиция жасаймыз.
Бірінші сабақтың мақсаты — балаларды Баухаус эстетикасына ғашық ету әрі өздерін болашақты жасаушылар ретінде сезіну. Біз Баухаустың «шеберханалар рухына» сүңгіп, әртүрлі материалдар бір-бірімен қалай байланыс орнататынын зерттеп, материалдарды қолмен сезінуге үйренеміз. Формалардың қарапайымдылығы мен икемділігіне және экспериментке акцент қойылады. Оның нәтижесінде әр бала өзінше мүсін жасап шығарады.
7 ақпан (сенбі), 15:00–17:00 — Форма/композиция/пропорция.
Қала түрінде ойын жасаймыз.
Ойынның көмегімен біз композиция мен пропорция сынды байыпты түсініктер туралы сөйлесетін боламыз. Жазықтықты 3D-ға айналдыруды, тепе-теңдікті ұстап, нысандарды үйлестіруді үйренеміз. Жазықтықтан нысанға өтіп, ойын арқылы қаланы қағаздан жасап шығамыз.
14 ақпан (сенбі), 15:00–17:00 — Материал, текстура, коллаж.
Текстуралар және аталған текстуралардан ойдан шығарылған жануарлар жасап шығамыз.
Баухаустың келуімен бізге қымбат материалдар қолданудың керегі жоқ, себебі кез келген текстураны біз өзіміз жасай аламыз. Мақсат — тек қарап қана қоймай, беткі қабатты көзбен «сезіну». Біз нағыз зертхана ұйымдастырып, бірнеше текстура жасаймыз, сосын оларды гибридті ойдан шығарылған тіршілік иесіне айналдырамыз.
21 ақпан (сенбі), 15:00–17:00 — Динамика және ырғақ. Динамикалық постер жасаймыз.
Суретке жан бітіп, көзқарасымен көрерменді қалай басқара алады? Мұнда ырғақ тек қайталау ретінде ғана пайда болмайды, музыкалық сипатқа да ие болады. Балалар пульсация мен бағытталған қозғалыстар заңдарын қолдана отырып, өздері кейіпкерге айналатын фильм постерін жасайды.
28 ақпан (сенбі), 15:00–17:00 — Өң: ашық және күңгірт
Заттар мен олардың көлеңкесінен туған ақ-қара композиция. Жарық және көлеңкемен эксперимент жасау аталған сабақтың негізі. Біз заттың өңі жарықтың түсуіне байланысты екенін біліп, өң, тереңдік және көлемнің байланысы, сондай-ақ олардың көрерменнің көңіл-күйіне тигізетін әсері туралы сөйлесетін боламыз. Біз жарық пен көлеңкенің қалай форма тудыратынын көреміз.
7 наурыз (сенбі), 15:00–17:00 — Түс. Түрлі-түсті қолшамдар жасаймыз
Бұл сабақта барлық түстің негізінде бар-жоғы үш негізгі түс жатқанын, ал бір ғана реңктің жүздеген вариациясы болатынын білеміз. Балалар түс тек «бояу» үшін ғана қажет емес, сондай-ақ қабылдау мен эмоцияларды да басқаратынын білетін болады. Біз «ауада» жаңа түстің пайда болуын көреміз және түспен эксперимент жасау үшін шамдар жинаймыз.
21 наурыз (сенбі), 15:00–17:00 — Мәтін. Әріптерден қағаз мүсін жасаймыз
Біз үшін әріп — жай ғана таңба емес, өзінің көлемі, мінезі мен көңіл-күйі бар геометриялық фигура. Біз мәтінді сәулет өнерінің бір бөлшегі етіп, 3D мұнара түрінде өз атымызды жасаймыз. Балалар әріптермен тек жазып қана қоймай, сондай-ақ сурет салуға, құрастыруға болатынын көреді.
22 наурыз (жексенбі), 15:00–17:00 — Білдіру және экспрессия. Бетперде жасаймыз
Соңғы сабақта балалар осыған дейін жинаған тәжірибесін авторлық бетпердеге айналдыра алады. Бетперделер біз түс, ым-ишара және контраст арқылы білдіретін эмоциялардың көрінісіне айналады. Ішкі сыншымызды тоқтатып, процестен ләззат алуға тырысамыз. Соңында маскарад ұйымдастырып, курстың аяқталуын атап өтеміз.