Босаға – өткел. Тек жадын қайта тоқу
Шекаралас күйлерді зерттейтін ішкі және сыртқы диалектика өнерпаз Гүлнұр Мұқажанова шығармашылығының алғашқы кезеңдерінен-ақ айқын тақырыпқа айналды. Бұл линия «Менің нағыз киізім» (My True Felt) (2009 ж.), кейін «Мегаполистегі мәңгүрттер» (Mankurts in Megapolis) фотосериясында (2011 ж.) пайда болды. Аталған туындыларда өнерпаздың өзі бас кейіпкерге айналады. Алайда оның жеке басы жасырынған — беті мен денесінің басым бөлігі жабық күйде қалған. Өзін жасыру арқылы Мұқажанова жаттық сезімін танытып, тек сыртқы (пейзаж) және ішкі (дене) ғана емес, сонымен қатар жеке және ұжымдық арасындағы екіжақтылыққа кеңістік ашады. Оның тәні сыртқы және ішкі арасындағы шекараға айналып, нарративке ағынды болуға мүмкіндік беріп, жеке кімдіктен ұжымдыққа және керісінше өтуге жол ашады.
Таңқаларлық аура сезіледі: суретшінің шекарасы тек бөліп қана қоймайды; ол арғы жақтағы белгісіздікті жалаңаштап, осылайша осалдықтың жаңғырығын оятады.
Шекара метафорасы – ауқымды және көп мағыналы. Француз философиялық дәстүрінде, атап айтқанда Гастон Башлярдың «Кеңістік поэтикасында» «адам – жартылай әшкере болған тіршілік иесі» деген түсінік бар. Башляр адамның бір мезетте көрнекі және жасырын болуды қалайтын ұмтылысы туралы пайымдап, аталған идеяны ол армандардың қайнар бұлағы деп атайтын «жартылай әшкерінің тұтас ғаламы» деген есік метафорасы арқылы дамытады. Ашық және жабық кеңістік категориялары өң бойына қалаулар мен азғыруларды жинақтайды.
Мұқажанованың туындылары «жартылай әшкере ғалам» идеясын терең жүзеге асырады. Тіпті «Менің нағыз киізім» және «Мегаполис мәңгүрттері» атауының өзі екіұшты естіледі, алайда іштей үн қатады. Ғасырлар бойы ата-бабалары пайдаланған дәстүрлі материал киіз, өткенмен уақытша байланыс құра отырып, концептуал «есік» қызметін атқарады. Дәл солай мәңгүрт туралы миф те тарих пен қазіргі қала өмірі арасындағы көпірге айналады.
Мұқажанова мәңгүрт туралы мифті бейімдей отырып, өткенін ұмытуға мәжбүр болған қазақтардың тарихын пайымдайды. Мұнымен қатар ол осы тарихтың салдарын және жаһанданумен байланысты сын-қатерлерді сыни тұрғыда зерттейді. Өнерпаз кімдік тақырыбына, немесе дәлірек айтсақ, кімдікті жоғалту тақырыбына, сондай-ақ Кеңес Одағының біртұтас ұлт құру әрекетінен туындаған зорлық-зомбылық тақырыбына мойын бұрады.
Неміс әлеуметтанушысы және философы Георг Зиммель де 1909 жылғы эссесінде есіктер мен көпірлердің метафорасын зерттеп, оларды байланыс пен ажыраудың символы ретінде қарастырды: «Есік, былайша айтқанда, адамның кеңістігі мен оның сыртында қалған барлық нәрселер арасындағы байланысты бейнелейтіндіктен, ол ішкі мен сыртқының бөлінісін еңсереді». Зиммель есіктер сөйлеген кезде қабырғалардың үнсіз қалатынын атап көрсетеді. Мұқажанованың «Есіктері» аталған екіұштылықты жүзеге асыра отырып, бір мезгілде жасырып, әшкерелейді.
Шекара туралы – дәлірек айтсақ, өткел туралы – бұл ойларды да сол жылы француз этнографы және фольклоршысы Арнольд ван Геннеп өзінің «Өткел рәсімдері» атты кітабында терең дамытқан. Автор өмір бойы адам кез келген қоғамда үздіксіз өзгерістерден – дүние есігін ашу, балалық шақ, некеге тұру, діни бастамалар, өлімнен өтеді дейді. Өмір - үздіксіз өткелдер тізбегі. Ван Геннеп аталған трансформацияларды бөліну (лиминалға дейін), өтпелі (лиминалды) және қосу (постлиминал) ғұрыптары деп жіктеп: «Осы оқиғалардың әрқайсысының – индивидке бір белгілі күйден басқа белгілі бір күйге өтуге мүмкіндік беруді көздейтін басты мақсаты бар» дейді. Ол адам өмірі табиғат ырғақтарын бейнелейтінін, одан жеке адам да, қоғам да бөлінбейтінін атап көрсетеді: «Ғалам ырғақпен басқаралады және бұл адам өміріне әсер етеді: кезеңдер мен өткелдер, алға жылжу және салыстырмалы қозғалыссыздық кезеңдері». Бұл идеялар көшпелі өмір философиясымен үндеседі: ол тұрақты қозғалыста және қайталамдықта көрініс табады: көшпелілер үшін ештеңе ақталмайды немесе қозғалыссыз қалмайды. Осылайша, Мұқажанованың жұмысы да шекара идеясын үздіксіз және динамикалық процесс ретінде жүзеге асырады.
Мұқажанованың тәжірибесі көшпелілердің мәдени мұрасына негізделген. Киізді пайдаланудан басқа тағы бір маңызды сілтеме – «Менің нағыз киізім» сериясындағы фотосуреттің фонында көрінетін элемент – тұскиіз, яғни киізден, матадан, барқыттан немесе басқа да материалдардан тігіліп, өрнектелген, әдетте кереует басына ілінетін қазақтың дәстүрлі қабырға панносы. Қазақ суретшісі, этнограф Ералы Оспанұлының айтуынша:
Аппликация техникасы скиф көшпенділерінің дәстүрінен бастау алады, олар жұқа киізден немесе жұмсақ былғарыдан өрнектерді қиып, тігу арқылы киіз бұйымдарын әшекейлеген. Тұскиіз термині тұсу етістігі және киіз сөзінен шығады. Тұскиіз ортаңғы көл, табақ немесе орта деп аталатын бөліктен тұрады, ол үстіңгі және бүйір тұсынан қорған деп аталатын кириллицадағы «п» қарпі пішінінде жиектелген. Бұл екі негізгі бөлік судың жіңішке сәндік жолақтарымен бөлінген.
Керуеттің басына ілінген перде идеясы екі әлем – шындық пен түс немесе бейсаналық арасындағы ішкі қалқанның метафорасы бола алады. Тұскиіз сөзі қазақтың Ұ (т-ұ-скиіз) әрпімен жазылса да, айтылуы қазақтың Ү деген әрпіне жақын әрі «түс» (түс көру немесе бір заттың түсі дегендей) сөзімен мағыналас болып келеді. Бұл байланыс интуитивті болғанымен, тұскиізді «киіз түсі» немесе «түсті киіз» деген көрнекі мағынаны білдіріп, оның болмыс күйлерінің шекарасы рөлін айқындай түседі.
Тұскиіздің орталық бөлігі – көл бұл символиканы одан әрі күшейтеді, өйткені көл, кез келген басқа су қоймасы сияқты, дәстүрлі түрде белгісіз немесе тылсым әлеммен байланысты. Аталған түстер кеңістігінің шексіз нұсқасы көп: бірдей тұскиіздің болуы мүмкін емес, себебі оны әртүрлі әйел өнерпаз жасайды. Тұскиіздің пішіні әдетте тікбұрышты, порталды еске салатын жақтауы бар ал төменгі жағы қасақана аяқталмайды. Бұл жастық пен көрпенің астына жасыратындықтан емес, ұрпақтар сабақтастығының белгісі ретінде әдейі солай жасалады. Сондай-ақ тұскиіз үйді қорғайтын тұмардың да рөлін атқарады: ол жағымсыз энергияны сіңіріп, оны төменгі ашық жиегі арқылы төменге бағыттайды.
Тұскиіздің ортасы материалдың сұлулығын айшықтап көрсетіп, минималист күйде қалады, болмаса, ою-өрнектермен безендіріледі. Бұл аймаққа да, шебердің жеке қалауына да байланысты болуы мүмкін. Мұқажанова тұскиіз концепциясымен жұмыс істейді, дәстүрлі киіз басу техникасын қолданып, мейлі фотосуреттерде тікелей қатысу яки киіз, мата, кейде түйреуіштерден жасалған физикалық нысандар болсын, оны өзінің көркемдік тәжірибесінде дамытады. Мұқажанованың түс кеңістігі минималист: ол порталды ашық қалдырады.
Мұқажанованың киізбен жұмыс істеу жолы Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының қолданбалы өнер факультетінде, тоқу және тоқыма өнері бөлімінде басталды. Вайсензе Берлин өнер мектебінде (Weißensee Kunsthochschule) оқу үшін Германияға қоныс аударса да, киіздің жанасымды және тұжырымдамалық мүмкіндіктерін зерттеуді жалғастырды. Өнерпаз киізді «өзін қызықтыратын тылсым материал» 10 деп суреттейді. Оның тұтас тәні қатысатын физикалық процесс медитациялық күйге яғни сананың өзгерген күйіне түсіріп, ол арқылы ол өз денесіне бейсаналықты жасауға және баяндауға мүмкіндік береді. Бұл тұрғыда киіздің өзі порталға айналады. Көркемдік тәжірибе және материалдың өзі Мұқажановаға ата-баба мұрасымен, танымымен қайта сабақтастық орнатуға, сонымен қатар оның халқы кеңес кезеңінде бастан өткерген тарихи зорлық-зомбылықты пайымдап, ұрпақтардың бойында сақталған жарамен жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Мұқажанова «Целинный» заманауи мәдениет орталығының бірінші бағдарламасы үшін «Барсакелмес» тұжырымдамалық бағдарламасы аясында «Босаға» киіз инсталляция-порталын жасады. Алты бұрышты негізден алты киіз көтеріліп, ғұрыптық әрекеттерге арналған қасиетті кеңістік құрады. Бұл жаңа ауқымды инсталляция үш ай ішінде отыз-қырық адамнан тұратын топтың үйлесімді жұмыс істеуін талап етті. Өнерпаз аталған процесті өз тәжірибесіндегі ерекше сәт – студенттер, өнерпаз әріптестері, құрылысшылар қатысып, физикалық еңбек арқылы өнер туындысына өз күш-жігері мен қуатын, ойын жұмсаған қарқынды процесс деп бағалайды.
Мұқажанова киіз басу барысын егжей-тегжейлі баяндап, жанасу мен басып көрудің маңызына тоқталды. Қатысушыларға өнер туындысының мәні мен көркемдік тәжірибесін жеткізу ол үшін маңызды еді: ол оны жасауға қатысқан әр жанның оны түйсініп іске асырғанын қалады. Өнерпаз сондай-ақ топ ішінде пайда болған үйлесімділік, жұмыс барысында жанданған әңгіме-дүкен мен күлкілерді айта келе бұл ұжымдық қуат шығарманың бір бөлігіне айналғанына - және оны көрермендер көріп, сезіне алатынына сенім білдірді.
Инсталляция екіжақты. Инсталляцияның сыртқы жағы әр реңнің бүлкілдеген қуатын өң бойына жинап, тұтас бетті жабатын қанық түстермен жасалған киізден құрастырылған. Бірте-бірте бұл түстер ішкі жаққа еніп, тұтастай ақ түске басымдылық береді. Бар спектрді қамтитын ақ түс тұтастық пен құдайлық бар болу сезімін тудырады. Қазақ ою-өрнектеріндегі ақ түстің нышаны дүниеге келумен де, өліммен де байланысты. Осылайша, инсталляцияның ішкі жағы трансформация кеңістігіне және қайта туу мүмкіндігіне айналады.
Ақ жаулығы ананың — ақ көрпесі баланың.
Ақ жауып, арулап көму.
Мұқажанованың жұмыстарындағы киіз тілін түсіну үшін көшпелілердің дәстүрлі киіз басу тәжірибесі мен ою-өрнек тіліне жүгіну қажет. Қазақ философы және тәуелсіз зерттеуші Әлібек Қажғалиұлы өзінің «Ою мен ой» атты кітабында ою және өрнек сөздерінің айырмашылығын, сондай-ақ ою-өрнек деген біріккен тіркесті қазақтың өрнекті қабылдау призмасы арқылы түсіндіреді. 12 Автор оюдың дәстүрлі түрде киіздегі ою-өрнекке қатысты қолданылғанын, ал өрнек «таралып» қолданыла беретінін айтады. Дегенмен, ою қағидалары ағаш ою, кілем тоқу және басқа да материалдарда қолданылады, бұл ою-өрнек терминін мейлінше ойға қонымды етеді. «Таралу» сөзінің қолданылуы кездейсоқ емес: автор сөздіктерде синоним ретінде көрінуі мүмкін бұл ұғымдардың этимологиясын зерттейді. Ою «өрнек» деп те аударыла береді, сондай-ақ «кесу» деген мағынасы да бар, ал өрнек өрлеу өрме, өрмекші, өрмек, өрт сынды сөздермен семантикалық өріс түзеді 13. Аталған семантикалық зерттеу үлкен қызығушылық тудырады: автор көптеген өзара байланысты мағына иірімдерін қамтитын өрнек ұғымын тамаша суреттейді. «Таралу» сөзінің нақты қолданысына қайта оралсақ, автор өрнекті былай сипаттайды:
«Таралу» демек – өсу, қанат жаю, өрілу, қайта тарқатылу, жоғарыға қарай созылу, барлық мүмкін түстер негізінде гүлдеу сынды тігінші өрмек станогында өрмекші сияқты отырып, сантүрлі түсті жіпті кілем матасына тоқып жатқан кезде өрнек өріліп жатқан үрдісті білдіреді. 14
Әлібек Қажғалиұлы «Өрнектің органоны» атты (Алматы, 2003 ж) атты бұрынғы еңбегінде: «Ою-өрнек (ой) – ырғаққа негізделген нысандар арасында пайда болатын байланыс» дейді. Бұл ырғақ идеясы бірден түпнұсқа ұғымына, жасалу сәтіне қатысты.
Материя немесе квант болсын, әлде ана мен ұрықтың жүрек соғысының синхронизациясы болсын, ананың тынысы ырғақты болып, балаға кіндік арқылы қосылады.
Автор бесінші Пазырық қорғанындағы кілемдегі скиф-сібір зооморфтық мотивіне егжей-тегжейлі талдау жасай отырып, ою-өрнек – бұл әрбір жеке фрагмент біртұтас деп қабылданатын, ал ал бұл біртұтас өз кезегінде одан да үлкен композицияның бөлігі саналатын сәтте көрерменнің санасында пайда болатын ырғақты лүпіл деген қорытындыға келеді.
Мұқажанова ою–өрнек туралы аталған білімді мұра етіп алды және оны өзі киізден жасайтын бұйымдарына реңк беретін түстердің тоғысуы арқылы интуитивті түрде қайта түсіндіреді. Бұл тоғысу ырғақты лүпілді жүзеге асырып, көрерменге өтпелі кеңістікті сезінуге мүмкіндік береді.
Өтпелі кеңістік идеясын нығайтатын тағы бір интуитивті таңдау - алтыбұрышты негіз. Бұл Ғаламның негізгі құрылымын білдіретін ең тиімді геометриялық фигуралардың бірі. Алтыбұрыш молекулалардың құрылымында, бал ұяларында, тіпті Сатурндағы дауыл құрылымдарында кездеседі. Ол барлық заттардың тепе-теңдігі мен өзара байланысын білдіреді. Жұлдыз тәрізді алтыбұрыш — гексаграмма — символ есебінде барлық әлемдік діндерде бар 18. Осының бәрі оны рухани қайта құрудың мінсіз формасына айналдырады.
Порталдардың сыртқы жағының қолапайсыздығын байқамау мүмкін емес. Өнерпаз киіздің бетін күйдіріп, жыртып, тырнап, оны жаралы және ашық күйде қалдырады. Киіз – табиғатынан беймаза материал; жануардың терісінен алынатын органикалық зат ретінде ол тарихи жаралардың ізі бар тері сияқты тәннің қатысуын сақтайды. Жануарлардың болуы бұрын өнерпаздың тәжірибесінде болмаған жаңа мотивте жалғасады. Мұқажанова атап өткендей, инсталляцияның кейбір бөліктерінде пайда болатын - бұл жыланның көзқарасын ол сезініп, оны осынау өткір көзқарас арқылы жеткізеді. Әртүрлі мәдениеттер мен мифологияларда жылан белгісі ежелгі жойылу мен қайта туу мәніне ие. Ескі терісін тастап, түлейтін жылан өз жарасын емдеп, жаңарады. Карл Юнг интерпретациясына сүйенсек, жылан жеке және ұжымдық бейсаналықты да, сана мен бейсана арасындағы өткелді де бейнелейді. Мұқажанованың контексінде бұл образ ата-бабамен байланыс, материалдық пен рухани көпір туралы айтады. Ішкі монохромды кеңістіктің кейбір жері іштей жамалған - өнерпаз өмірдің кемел еместігін білдіру мақсатында оны мінсіз қылудан саналы түрде бас тартқан.
Әуелі Ресей империясы, одан кейін Кеңес Үкіметі күштеп тамырынан айырған қазақтардың көшпелі мәдениеті заманауи өнерде көрініс табатын көрнекі тілге терең ықпал етті.
Барсакелместің географиялық орналасуы елдің қайғылы өткені - кеңестік ауыл шаруашылығы қанауының салдарына айналған Арал теңізінің экологиялық апатын еске салады. Тарихи жаралар ұмыт болмауға тиіс - керісінше, оларды мойындап, олармен жұмыс істеу керек.
Мұқажанованың инсталляциясы баяндау тұрғысынан да, бейнелеу тұрғысынан да бай. Ол шыншыл, ештеңені жасырмайды. Ол асқан нәзіктікпен болмыстың жалаңаш қабатын қамтиды. Дегенмен, өнерпаз көрерменді үмітсіз қалдырмайды - алтыбұрыштың рухани құрылымындағы ақ түстің тұтастығы арқылы өту емделу мен өзгерістер мүмкіндігіне жол ашады. Бұл ешнәрсе өзгеріссіз қалмайтын, бәрі қозғалыста болатын көшпенді философиясының жаңғырығы.
Инсталляцияны жасауға қатысқандар: Абдулла Мұхтар, Әли Жігер, Әмірханова Лана, Асанәліқызы Фатиха, Баймырза Нұрсұлтан, Барпы Арман, Жамбыл Әмір, Жайнақов Рауан, Жолшан Қадыр, Жолшан Сұлтан, Жұмабек Аружан, Қабыл Дастан, Қажытаева Эльвира, Қалибеков Мирас, Қаппар Тағай, Қапезов Қазбек, Кенжебек Сырғаным, Кершебаев Ғабит, Қорғасбекова Ақсәуле, Күлбаев Бақытжан, Кунакова Меруерт, Кұттығаева Тоғжан, Кутумова Зарина, Kokonja, Ли Дарья, Маматаев Сабыржан, Манас Ажар, Махамбет Сұлтанхан, Мұқаева Қарлыгаш, Наурызбай Әдемі, Нүсіпжан Самалхан, Нұрханова Әсел, Разақбаев Жұмағали, Сәлімбеков Серік, Саматов Мадияр, Сәрсенбай Шахризад, Сырлыбаева Ильмира, Тайғара Диас, Тасболатов Бейбіт, Төлегенов Ерасыл, Тұяқова Құралай, Узбекова Индира, Оразов Хабибулла, Ыбырай Заңғар.
Мәтін авторы: Индира Дүйсебаева-Зиябек