Эссе: Pathways to Himoya – Наташа Гинвала

Himoya-ға бастар жол
Біз ауқымы кеңейіп келе жатқан шиеленістер, авторитар режимдер мен климат апаттары жағдайында күн кеше отырып, қорғанысты мықтап, оның қайна көздеріне қалай жақындай аламыз? Himoya мәдени бастама ретінде осы сұрақтан бастау алады. Ортақ мәдени-тарихи қолданыстағы кеңістіктен шыққан қарлұқ түркі тілінің (өзбек, ұйғыр, түркімен тілдерінің арғы атасы) терминологиясынан туған тілдік ұғым есебінде ол бір ғана мағынамен шектелмейді. Керісінше, бұл сөздің дыбысталуы аспан астындағы қорғанысты, тұмардай сақталған мұраны, үлкендерді еске алуды әрі айқара құшақ ашу сезіміне бой алдыртады. Himoya өзегінде — қайғы, ашу, ұят пен бірбеткей махаббатты бір бойына сыйдыруға қабілетті эмоционалды инфрақұрылым болу ұмтылысы жатыр. Бірге болу үшін жасалған кеңістік ретінде көрме тірі денелер мен қуаттың бірлікте өмір сүруін көздейді. Бұл этикалық негізді сақтай отырып, тіршілік ету деген сөз.
«Деколониал ойлау отарсыздықтың айрықша этосы — деколониал жосықты да алға тартады. Мұнда сөз Жердің аластатылған тұрғындарына олардың құқығын қайтару жөніндегі абстрактілі, декларативті этика туралы емес, одан да маңыздысы — этикалық өлшемнің деколониал гуманистердің өзін-өзі айқындауымен байланысы туралы өрбіп отыр», – деген Мәдина Тлостанованың идеясы аталған пайымның негізін құрайды.
Өнерпаздар сызықтық емес жолдармен жүріп, арамызда сәуегейлік туыстық байланыстар қалыптастырады. Біз олардың жұтаң тартқан құндылықтар жүйесін және әлеммен байланысын сақтап қалуға бағытталған батыл әрекеттерін сезінеміз. Плюрал ұжымдық жадты сақтап қалатын әрі тарихтың қирандылары, еуроцентризм посткеңестік амнезияны жарып шығып, қалпына келтіруші баяндау актілерін реттейтін сақшылар іспетті. Қазақ мәдениеті мен көшпелі габитусқа арқа сүйей отырып, аталған жоба аймақтық байланыстарды аумақ шекараларымен шектелмейтін жаһан бұқарасының үнін танытуда үнемі өзгеріп, қалыптасып отыратын шоқжұлдыз сияқты қарастырады.
*
Өз қайғысы мен арғы әжелерінің қайғысы
арасындағы қашықтықты
біз аяқ ұшымен айналып өтетін
дүниелер арқылы өлшеуге болатынын
білген ақ жаулықты әжелер туралы. Koleka Putuma, Can I Get a Witness?, 2024
Алматыға алғаш келгенім зороастризмді ұстанған әжемнің қазасына мұңайып жүрген кезіммен тұспа-тұс келді. Оның рухы менің рухыммен астасып, айқын сезімі жетелеп, Алматыны, оның адамдарын және мәдени кеңістігін танып-білуге кірістім. Ұзақ кездесуімнің бірі Әлима Қайратпен бірге «жер кіндігі» аталып кеткен Үңгіртас тауына жасаған тосыннан туған зияратқа ұласты. Мұнда Тәңір (көк әміршісі) мен Ұмайдың (қорек беруші жер) әмбебап құбылыстарын жалғап тұрған энергетикалық құрылымдар, тасты соқпақтар мен үңгірлер қарсы алды. Аумаққа кіреберісте: «Аңыздарға сенсек, Үңгіртасты сопы дәруіштері паналаған» деп жазылған тақтайша тұр. Онда геомагнитті өрістердің тәнімізге қалай әсер ететінін, бізді саналы ақылға емес, жүрек үніне еріп, қимылдауға қалай жетелейтінін сезінесің. Қара және қызыл тасты бағандарға сүйеніп, ер мен әйел қуаттарының ішкі тартылысы мен ағынына бейімделуге болады.
Мен сондай-ақ қазақ дәстүрі мен Тәңір космологиясы отбасы оқиғаларымен байланысты екенін әрі Жеті атаға дейін шежіре тарататынын білдім. Алайда аталған көрмеге дайындық барысында жеке ой-толғауым мен өнерпаздармен әңгіме-дүкен құрғанымда бізді ең әуелі әжелеріміздің рухы қалыптастыратынына оқтын-оқтын оралып отырдым. Himoya аясында өнерпаздар түйсігіне сүйене зерттеулер жүргізіп, ана тегі мұрасы мен гендерлік теңдікке негізделген ұстанымдарды шығармашылық тұрғыдан пайымдап, әжені үнемі азаматтық өмірдің басты әрі маңызды тұлғасы, түйісу мен қорғаныстың киелі мекені ретінде қарастырады. Кезінде үш ұрпақ арасындағы ана тегінен жалғасатын сабақтастық жасушалардың көшуі мен генетикалық байланыстар арқылы анықталатынын оқып едім.
Мұндай «дән себу» ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, өмір сүре беретін оқиғалар арқылы да жүзеге асады, яғни олар ортақ болашаққа бет алған жолымызға нәр беріп, сабақтастық арқауымен жеткен сан алуан даналық пен тағылымның өркен жаюына мүмкіндік береді.
*
Алматыдағы Ә.Қастеев Музейінде орналасқан көз тартар айрықша күміс тұмарлар есіме бірден туған өлкем — Батыс Үндістандағы Гуджарат өңірінде малшылар таққан сом күміс әшекейлерді ғана емес, ана тегінен қалған мұра саналатын байырғы саамдар жасаған күміс әшекейлерді де түсірді. Тұмарлар өзара байланыстар картасын түзіп, бағдарлау құралы қызметін атқарады. Батыстың отаршыл дискурсы мен кеңес идеологиясының квази ғылыми нәсілшілдігі өрнектен және оның бой тазартар әрі рухани қуатынан сескеніп, оны жоюға тырысты. Денеге тағылатын ғұрыптық зат ретінде олар адам тәнінің бір жалғасына айналып, теріс әсерлерді бөгеп, қорған болып, тербелістерді бойына сіңіреді, яғни тіл-көз бен мезгілсіз сырқаттан сақтап, әсіресе, үйден жыраққа сапар шеккенде тағылады. Көбіне көшпелі мәдениетте тәндікті жеке-дара әрі ұжымдық қалыптастыру есебінде қуғын-сүргін мен сауда жолдарында қозғалыстағы иконографиялық нышандар тұлғалық және ұжымдық болмысты қалыптастырып, қозғалыс кеңістіктерінің аумақтары мен атмосферасын өзара байланыстыратын кімдік маркерлеріне айналады. Дала халықтары оларды ғасырлар бойы мойнына, кеудесіне, шашына және арқасына тағып келген. Оңтүстік Азияда оларды көбіне бала туған кезде немесе жасау есебінде сыйға тартатын, ал соғыс пен аштық жылдарында әйелдер осынау асыл бұйымдардан қуат алып, кейде оларды рудың амандығы мен қатерлі жолдардан қауіпсіз өту үшін айырбастауға мәжбүр болған. 1980-ші жылдар мен 2000-шы жылдардың басында Шри-Ланканың солтүстігіндегі тамилдер әскери шабуылдардан бой сауғалап, қауіп төнген отанын тәрк етуге мәжбүр болғанда бағалы заттарын жер астына көміп кеткен. Himoya-да бірнеше өнерпаз тұмар пішіндерін қастерлі практикалар, тиесілі болудың астарлы тілі — әйел қуатының төл сөздігінің қуаты ретінде қайта зерделейді.
Бозубанд — Орталық Азияда кең тараған цилиндр пішінді тұмар қапшығы, әртүрлі географиялық өңірлер арасындағы жалпы халықтық әрі қастерлі байланыстардың үлгісі. Оларды он тоғызыншы ғасырға дейін, әсіресе Өзбекстанда, тұмар ретінде таққан, көбіне оларды үнді және иран зергерлері жасаған каллиграфиялық жазулары бар ақық медальондармен әшекейлеген. Сол сияқты күмістен жасалған тұмарлардың ішінде (тұмар қапшығы) арнайы иесіне арнап жазылған арабша дұғалар сақталған, қала берді ішіне емдік шөптер, жануар жүні, шаш, тиын немесе тұз секілді дүниелер де салынуы мүмкін. Әсіресе, исламға дейінгі дәуірде оларды сырқаттанған кезде ем есебінде пайдаланған. Осылайша, тұмар аталған көрменің философиясын айқындайтын, әсіресе, әлемдік өркениет ретінде біз бастан кешіп отырған жаппай қасірет, жаппай қоныс аудару мен жойылудың ауқымын ескерсек, тағы бір символдық кеңістікке айналды.
*
Қазақ халық аспаптары музейінде музыкалық аспаптар құдды уақытты сақтап, жеткізетін мәдени қойма сияқты. Олар ежелгі аңыздардан бастап, қазіргі тарихи оқиғалар мен саяси шежірелерді сақтап, жеткізетін музыка тарихшыларының өзіндік мұрағат жолнұсқаушысы деуге толық негіз бар. Мен үшін, әсіресе, бақсы жүргізетін бақсылық ғұрыптар және емдік тәжірибелермен тікелей байланысты лирикалық ұғымдар әрі ландшафтардың кең ауқымды экологиясымен сабақтасқан қылқобыздың алар орны ерекше. Ақын және куратор Әнуар Дүйсенбинов маған онда қойылған әрбір қобыздың белгілі бір тәжірибелер мен сабақтастықты сақтайтын мұрамен байланысты екенін, сондай-ақ әрқайсысының өзіне тән темпераменті мен пішіні бар екенін түсінуге қол ұшын созды. Ол қатарда қазақ тіліндегі бас немесе шиыршық, мойын, кеуде яки негізгі денесі, құлақтары немесе құлақ күйін келтіретін тиектер, ішектер немесе шектер деген атаулар бар. Мені осы дыбыстық аспаптарға тағылған әшекейлер айрықша ынтықтырды, мәселен: тіл-көзден немесе қара күштерден қорғауға арналған кішкентай айналар, сондай-ақ тостаған тәрізді ойықтардан салбырап тұратын, қылқобызға соқпалы аспапқа тән үн беретін «сырға» іспетті әшекейлер.
Сол күні кешке Целинный сахнасына көрнекті орындаушы әрі зерттеуші Раушан Оразбаева шығып, Korkut үн өнері Триенналесінің екінші шығарылымы — «Мәңгілік жел салтанатына» орай өнер көрсетті. Концерт басталуға санаулы минуттар қалғанда жаңбыр төпелей жауып, құдды тазарту рәсімі жүріп, бізді оның келуіне дайындағандай болды. Саида Даукеева «аспапты саналы тіршілік иесі» есебінде қарастырып, оның бастауын мәңгілікпен байланыстыра отырып, қобыз гармоникалары жоғары және төменгі әлем арасындағы жолы қалай жалғайтыны туралы сөз қозғады. Өнер көрсетпес бұрын Оразбаева бізді дыбысты барынша беріле отырып тыңдауға шақырды, өйткені оның тербелістері құлағымызды тазартып, алдағы апталар бойы өң бойымызда қалатынын алға тартты. Бұл үндестіктер вибрато мен обертондар арқылы айрықша сезілді, яғни олар аспаптың үніне тәндік сипаттағы дыбыс дарытса, дыбыс биіктігінің пульсациясы бір-бірімен қарама-қарсы кеңістіктерді аша түсті. Бейне бір ойран болған әлемге арналған жоқтау сабақтасып, ата-бабадан жалғасын тапқан өмір салтын сақтап қалуға жол ашқандай акустикалық зарлы үн пайда болды. Бұл дыбыстан төгілген шипаны қабылдау өзім күтпеген терең әсерге бөледі, себебі, дыбыс ішкі құлақтан омыртқаға дейін жетіп, тән мен көңіл-күйдегі ең нәзік өзгерістерге икемдегендей еді.
*
Маған әлгі әйелдердің есімін білу керек
ер адамдар топтасып, қол сермеп жүретіндей
мен де сол әйелдермен бейқам қадам басар ем
- Люсиль Клифтон, «Жоғалған әйелдер», 1989
Көп жылдан бері мен құдай әйелдер иконографиясын зерттеп келемін, әсіресе, қалыптасқан шекаралардан асып түсетін, құдайлық әрі әйелдік бастауды адамнан да тыс, гендерлік болмысы өзгермелі мәндер ретінде танытатын бейне нұсқаларын зерттеймін. Таптаурындарды да, табиғат пен тәрбиені бір-біріне қарама-қарсы қоятын қарабайыр екіұдай түсініктерді де жоққа шығаратын, қаһарлылық пен мейірім қатар көрініс табатын киелі бейнелер; рулар мен ауылдардың, білім мен соғыстың, бақсылар мен жесірлердің құдайлары. Өзгерістерге пана болатын мұндай құдайлар батыл ақиқаттың соқпақтарына бастайтын сапарға шақырып, өмірдің әр кезеңінің табалдырығынан аттауға жәрдемдесіп, жоғалту мен қорқыныш құрсауында қалған сәттерде дем беріп, сол жолда желеп-жебейді. Осы жобаға дайындық барысында өнерпаздармен болған диалогтарда халық ертегілерінде, кең тараған дала мифологияларында және исламға дейінгі космологияларда кездесетін, қуатты әрі қамқор, сондай-ақ «құбыжық» кейпіне енген әртүрлі әйел бейнелері көрініс тапты. Ол қатарда Жалмауыз Кемпір мен Ал-Қардай бар. Мұндай кейіпкерлер бойында екіұдай қасиеттерді тоғыстырып, қалыптасқан қоғамдық тәртіпті сақтауға ұмтылғандардың бойына үрей ұялататын бейнеде сипатталғанымен, ақтығында олар нормативті гендерлік рөлдір мен патриархал үстемдікке маңызды қарсылық білдіреді. Осылайша, оларға қасақана таңылған зұлымдық тарих пен қоғамдық ортадағы қалыптан шыққан әйел кейіпкерлерді тұқырту үшін канонға айналған нарративтерден бастау алады. Ал оларды қуғындау мен қабылдамаудың өзінде батыл, азат етуші әрі қалыптасқан шекараларды бұзатын шындық формаларын дүниеге әкелетін қуат бар. Киелі иконаларға қатысты көптеген хикаяда өркениет пен табиғат арасындағы тартыс көрініс тауып, су мен жел сияқты табиғат құбылыстары бір парадигмадан екіншісіне өтіп, түрленуге, батаға немесе қарғысқа айналдыратын қуатқа ие болады. Уақыт өте келе сенім тәжірибелері мәдени амнезия мен өзгерген сенім жүйелеріне жол береді, ал өткеннің бейнелері өзгерген аватарлар кейпінде қайта жанданады. Кейде қасиетті орынға барған кезде қай құдай әйелдің бейнесі алдыңнан шығарын білмейсің және оның біздің дұға кеңістігімізге бас сұғып, қиялымызды отарлайтын патриархал құрылымдардың ықпалына әлдеқашан жұтылып кетіп-кетпегенінен де хабарсызсың.
Қайткен күнде, жабайы әйелдік бастаулар қойылған шектеулер мен зорлықшыл бақылауға бағынбай, тәндік әрі ғұрыптық шектен шығу ретінде сақталады. «Патриархатпен саудаласудың» орнына ол экономикалық әрі рухани өзаралыққа негізделген білім мұрасын жалғастыруға ұмтылады. Himoya көрмесіндегі әртүрлі шығармашылық тілдерде матриархат патерналистік ұлттық мемлекетке, отаршыл қырып-жоюға және азшылықтың өмірін бағындыруға қарсы тұратын азаттық стратегиялары мен оқиғалар әлемін қалыптастыратын метаболикалық негіз ретінде қарастырылады.
Тарихта да, бүгінгі таңда да патриархал биліктің ауыр салдары Орталық Азияда мәжбүрлеу мен бақылаудың үстемдік құрылымдары, жеке меншік, неомипериализм, Uyat (ұят пен ұялту мәдениеті) және гендерлік зорлықтан айқын көрінеді.
Зарина Мұқанова: «Қазақ дәстүрінде қыз басқа текке тиесілі екені айтылады, осыған орай қазақта «қыз — жат жұрттық» деген сөз бар. Қыз дүниеге келген сәттен бастап оны тұрмысқа шығуға дайындап, күйеуінің отбасындағы міндеттерді атқаруға және оның руы мен шежіресін жалғастыруға дайындайды», - дейді. Ал, керісінше, грек тіліндегі ‘arché’ сөзінің мағынасына сүйенсек, матриархат «бастаудан бергі аналар» бейнесін көз алдымызға әкеледі. Сөз тек биологиялық жағдай туралы ғана өрбіп отырған жоқ, баланы дүниеге әкелу арқылы ана оған бастау береді, сондай-ақ мәдени тұрғыдан қарастырғанда, мәдениеттің өзіне де алғаш болып негіз қалаған — аналар деген тұжырымға негізделеді. Himoya дәл осы әлеуметтік мағыналардың, тән арқылы көрініс табатын субстанцияның, саяси субъектіліктің және нарративтік белгілердің айналымына сүйене отырып, ана арқылы қалыптасатын туыстық байланыстарға өтуді, матри-локалдықты үй мен жер аударылу ұғымдарын кеңейте түсетін тәсіл ретінде қарастыруды, сондай-ақ ана тегі желісінің мұрасын патриархалды өмір салаларына қарсы әмбебап сипаттағы балама есебінде зерттейді.