Тағам, мәдениет және қоғам

21.04.2026 –16.05.2026
Дәріс
Целинный

Тағам — тек рецептер мен дәм ғана емес, сондай-ақ мәдениет, жад және күнделікті өмірдің бір бөлшегі. Бұл курс Орталық Азияның тағам дәстүріне тарих, кімдік және әлеуметтік практикалар тоғысатын мағыналар жүйесі ретінде қарауды ұсынады. 

Foodways тұжырымына арқа сүйей отырып, біз аспаздық дәстүрлер қалай қалыптасатынын, неге бір тағамдар «ұлттық асхананың» символына айналса, басқалары ұжымдық жадтан жойылып кететінін талқылайтын боламыз. Кеңес дәуірінде әртүрлі ұлттардың асханалары қалай сипатталып, жүйеленіп, ұлттық асхана туралы түсінікке дендеп енгеніне ерекше назар аударылатын болады. 

Қазақстаннан алынған мысалдар және өзге де аймақтардың салыстырмалы кейстері арқылы курс қатысушылары тағам қалай тарихи өзгерістер, әлеуметтік қарым-қатынас пен мәдени түсініктерді бейнелейтінін білетін болады. 

Курс үйреншікті тағамдарға жаңаша көз тастап, ұлттық тағамдарды кім және қалай анықтайды деген сауал тастауға шақырады. 

Кімге арналған: Курс мәдениет және күнделікті тұрмысқа қызығушылық танытатын жандарға, сондай-ақ антропологтар, зерттеушілер және тамақтану саласының мамандарына арналады. Әсіресе тарих, жад және кімдіктің тағам арқылы қалай ашылатынын түсінгісі келетін жандарға пайдалы болмақ. 

Курс жүргізушісі: Әлия Болатхан — мұрағаттық зерттеулер мен далалық жұмыстар тоғысында еңбек ететін тарихшы және антрополог. Тағам тарихы және кеңестік Қазақстанда этникалық дәстүрлер мен мәдени кімдік туралы білім қалай қалыптасқаны оның зерттеу бағытының өзегі саналады. Сонымен қатар ол ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін тарихын, әсіресе 1948–1953 жылғы арнайы қоныстандыру жүйесін зерттейді.

Қатысу құны:

Курстың жалпы құны – 38000

1 дәрістің құны – 5000

21 сәуір,19:00 | 1 дәріс | Тағам және тағам жолдары (foodways): тағамды әлеуметтік практика ретінде түсіну

Кіріспе дәріс foodways түсінігімен таныстырады — бұл тағамды тек биологиялық қажеттілік ретінде ғана емес, мәдени және әлеуметтік өмірдің бір бөлшегі ретінде қарастыратын тәсіл. 

Күнделікті практикалар басты назарда: адамдар не жейді, тамақты қалай дайындайды, қайда және кіммен тамақтанады, сондай-ақ бұл процесс барысында қандай әлеуметтік байланыстар қалыптасады. 

25 сәуір, 11:00 | 2 дәріс| Ұлт және тамақ мәдениеті: тарихи перспективалар 

Дәріс тағам ұлттық кімдік туралы түсініктің бір бөлшегіне қалай айналатынына арналады. Аспаздық дәстүрлер ұлттық нарративтерге қалай еніп, қалай «өздік» есебінде қабылданатыны қарастырылады. Кеңестік кезең мен ұлттық асханалар туралы түсініктің қалыптасуына ерекше назар аударылады.

28 сәуір, 19:00 | 3 дәріс | Ұлттық асхана және символдық тағамдар

Дәрісте әртүрлі тағам дәстүрлері шектеулі «символдық» тағам жиынтығымен байланыстырылатын процесс қарастырылады. Белгілі бір тағамдардың қалай мәдени маркер мәртебесіне ие болатыны, десе де күнделікті практикалардың сантүрлілігі неліктен ықшамдалатыны сараланады. 

2 мамыр, 11:00 | 4 дәріс | Отаршыл билік және аспаздық білім өндірісі

Бұл дәріс билік институттарының тамақ мәдениеті туралы білім қалыптастырудағы рөліне арналады. Кеңес кезеңінде ғылыми зерттеулер, этнография және мәдениет саясаты арқылы ұлттық нарративтер аясында аспаздық дәстүрлерді сипаттау, жіктеу және бекіту қалай жүзеге асқаны қарастырылады. 

5 мамыр, 19:00 | 5 дәріс | Тағам дәстүрлері, орта және мәдени бейімделу 

Дәріс барысында тағам практикалары мен табиғат ортасы арасындағы өзара байланыс қарастырылады. Климат, ландшафт және ресурстарға қолжетімділік тамақты дайындау тәсіліне, дәм таңдауға және күнделікті аспаздық әдеттерді қалыптастыруға қалай әсер ететіні сараланады. 

9 мамыр, 11:00 | 6 дәріс | Тағам және көші-қон: аспаздық дәстүрлер сабақтастығы және өзгерісі 

Бұл дәріс көші-қон тағам практикаларының өзгеруіне қалай ықпал ететінін қарастырады. Дәстүрлерді жаңа жағдайларға бейімдеу, мәдени сабақтастықты сақтау гибридтік аспаздық формаларды, әсіресе қала контексінде қалыптастыру мәселелеріне назар аударылады. 

12 мамыр, 19:00 | 7 дәріс | Тағам және гендер: күнделікті еңбек және жүзеге асқан білім

Дәріс тағам практикаларының гендерлік өзгерістеріне мойын бұрады. Тамақ дайындаумен байланысты күнделікті еңбек және тәжірибе арқылы берілетін, алайда жазбаша дереккөздерде сирек аталатын дағдылар мен техникалар, яғни жүзеге асқан білім» формаларына басым мән беріледі.

16 мамыр, 11:00 | 8 дәріс | Тағам, жаһандану және мұраны қайта пайымдау

Қорытынды дәрісте жаһандану жағдайындағы тағам дәстүрлерінің заманауи өзгерістері қарастырылады. Тағам мәдени мұра, туристік практикалар және ұлттық брендингтің бір бөлшегіне қалай айналатыны, сондай-ақ «дәстүрлі мәдениет» туралы түсінік қалай қайта пайымдалатыны ой елегінен өтеді.

No items found.