Фокустағы Лондон

Негізгі бағдарлама сияқты, қысқа метр топтамасы да кинода қала образы қалай жасалып, қалай қабылданатынына қатысты көзқарастар легін ұсынады, десе де мұнда назар Лондонға ауып, деректі кино мен анимацияға басымдық беріледі. Лондон қозғалыспен, жылдамдықпен, оқиғалардың көптігімен әрі саналуан әсерлермен байланыстырылып жатады. Алайда бұл мегаполис сондай-ақ — жалғыздық пен капитализм жағдайындағы тіршілік ырғағы туралы да үн қатады.
Feeling My Way (1997) психо-деректі анимациясында режиссердің қала көшелерімен үйден кеңсеге дейінгі сыртқы жолы ғана көрсетілмеген — біз сондай-ақ оның ішкі жай-күйіне, ойлары, сезімдері мен қиялдарына да бойлаймыз.
Grandma’s Grillz (2024) абсурдтық көркем фильмінде бүгінгі Лондонның ырғағы мүлдем басқаша сезіледі, мұнда әжесінің туған күніне арналған сыйлықты жеткізбеген курьердің қатесін түзетуге тырысатын кейіпкер де роликпен А нүктесінен Б нүктесіне дейінгі жолды жүріп өтеді.
Runners (2013) кейіпкерлері фильмнің аты айтып тұрғандай — желаяқтар. Бар оқиға шығыс Лондондағы Виктория саябағында өрбиді. Аталған деректі фильмнің авторлары жүгіру әрекетімен бастары біріккен әртүрлі жастағы, әлеуметтік мәртебедегі әрі көзқарастағы лондондықтардың жүгіру әрекетіне қосылады. Олар өз армандары мен қорқыныштарын ортаға салып, өздеріне не түрткі болатыны туралы пайымдайды.
This Tree is Hostile (2022) фильмінде жалғыздықты еңсеруге тырысқан режиссер бөлмесінен шығып, адамдармен қарым-қатынас іздеу үшін Лондонға саяхатқа аттанады. Ол осынау үлкен, жылдам әрі абыр-сабыр қалада жақындыққа деген ұмтылысты қалай жоғалтып алмауға болатыны туралы сұрақ қояды.
PROBABLY UR OWN FAULT (2024) анимациялық фильмінде Лондонның шуы мен ырғағы кейіпкер – суретші-аниматор Эмбер Лифті де қажытады, өзін әбден жалықтырған жұмысынан айрылып қалмау үшін ол Лондон көшелерімен аса қауіпті жарысқа түсуге мәжбүр болады.
Тек 2000-шы жылдардың басындағы британдық деректі бақылау киносының басты фильмі – Lift (2001) туындысында лондондықтар қалада саяхаттап, саябақта жүгірмейді, жабық кеңістікте — қарапайым көп қабатты үйдің лифтінде қалады. Режиссер Марк Айзекс екі ай бойы лифтіде түсірілім жасап, тұрғындарды бақылап, олармен біртіндеп қарым-қатынас орнатып, күнделікті өмірлерінің болмысын ашып, ара-тұра оларды бір-бірімен байланыс орнатуға жұмсақ түрде үгіттейді.