MARC BY SOFIA

Кураторлық жазба:
Өзінің алғашқы деректі фильмінде София Коппола Марк Джейкобстың толыққанды портретін жасап шығаруға ұмтылған емес. Фильмнің Marc by Sofia деп аталуының өзі режиссердің субъективті көзқарасын көрсетеді. Біздің алдымыздағы Марк пен оны қоршаған әлем — тек София өз көзімен көріп, жинақтаған дүние. Олардың көпжылдық достығы фильмнің бастапқы нүктесіне айналып, туындының жеке, субъективті бағытын айқындайды.
Осы жеке портрет арқылы фильм біртіндеп бір адамның өмірбаяны аясынан шығып, бірнеше онжылдықты қамтитын сән мен визуалды мәдениеттің бейнесіне ұласады. Архив материалдары Джейкобсты шабыттандырған фильмдер, музыка, өнер және басқа да дереккөздермен қабысып, өзге образдардың оның жеке шығармашылық тілінің бір бөлшегіне қалай айналғанын көрсетеді. Ал кейін оның өзі жасаған образдар осы тізбекті жалғастырып, өзгелер үшін референске айналады. Marc by Sofia бір дизайнердің өнерімен шектелмейді. Бұл — біз бір кезде көріп, естіп, ғашық болған дүниелердің мәдениетті қалай тоқтаусыз қайта жасайтыны туралы фильм.
Сипаттамасы:
София Коппола он екі апта бойы өзінің ескі досы әрі дизайнер Марк Джейкобстың Spring 2024 топтамасын қалай жасап шығарғанын бақылайды. Жұмыс барысында Американың ең ықпалды дизайнерінің жүріп өткен жолы: Parsons мектебіндегі оқуы, Perry Ellis-ке арнап жасаған атышулы гранж топтамасы, жеке брендін құруы және Louis Vuitton-дағы қызметі толық баяндалады. Көрсетілімге дайындық процесін, өзара әңгімелерді, архив материалдары мен Джейкобсқа әсер еткен фильм, музыка мен өнерді ұштастыра отырып, Коппола ескі досының және оның шығармашылық әлемінің портретін жасайды.
Фильм тілдері:
ағылшын
Фестивальдер мен марапаттар:
Іріктеу: Venice Film Festival, 2025, Әлемдік премьера · Out of Competition