Селкинчек, Таранчы, Сайтан көпір. 90-шы жылдардағы Қырғызстан киносы.

Селкинчек. 90-шы жылдардың алғашқы жартысындағы қырғыз елді мекендерінде салтанат құрған сүреңсіз, тыныссыз кеңістікте жас кейіпкердің эмоционалдық дағдарысты еңсеруі туралы поэтикалық хикая өрбиді. Он бір жастағы жеткіншек Мирлан он бес-он алты жастағы бойжеткен Айнұрға ғашық. Олар көп уақытты бірге өткізіп, әткеншекте тербеледі («селкинчек» қырғыз тілінен аударғанда — «әткеншек» деген мағынаны білдіреді). Өмір жалғаса береді. Бірде олардың ауылына теңізші келеді, ол Айнұрмен кездесе бастайды. Мирланның жүрегі қайғыдан қақ айырылып, ақыры, ол өз мұңын үйдің сыртындағы қабырғаға бейнелей бастайды.
Таранчы. Дала кезіп келе жатқан ер адам тауар тиеген пойызды өткізу үшін тоқтайды. Рельстің арғы жағында әйелдің сұлбасы көрінеді. Фильм ниетінде мейлінше абстрактілі, десе де образдары тұрғысынан нақты болғандықтан, Беккет прозасын еске салады.
Сайтан көпір. Әр күн өліммен тең таулы аймақта өмір сүрудің ауыртпалығы туралы деректі көрініс.
Оқиғалары көбіне ауылда немесе шалғай жатқан таулы елді мекендерде өрбитін қырғыз киносының тарихи тұрғыдан желмен айрықша байланысы бар. Ол сондай-ақ республика тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында жұмысын бастаған режиссерлердің фильмдерінде де айқын көрінеді: Ақтан Арым Қубат, Эрнест Әбдіжапаров пен Темір Бірназаров тек желге ғана ерекше зейін салып қоймай, оған мәселен, ауыл шындығының мозаикасы формасында ер жету оқиғасы болсын («Селкинчек»), махаббатың (әлде махаббатсыздықтың) абстрактілі беккеттік оқиғасы («Таранчы»), болмаса кескіндемелік, десе де тәуекелі көп жағдайда өрбитін деректі суреттемелер болсын («Сайтан көпір»), поэтикалық суреттемелерге де ерік береді.