Сират

Марокко, шөл дала, жүздеген адам қатысқан үлкен рейв. Ол қатарда бір ер адам пайда болып, жоғалған қызын іздеп парақшалар таратады. Осы уақытта елде әскери қақтығыстар басталады. Бұл аласапыран тұста ер адам өзінің кішкентай ұлы және итімен бірге рейверлерге ілесіп, шөл даланың тұңғиығына бет алады.
«Сиратты» сипаттаудың ең қарапайым тәсілі роуд-муви — саяхат фильміне, жол фильміне жүгіну. Бірақ аталған жанрда фильм түсірген әріптестерінің басым көбінде А нүктесінен бөлек Б нүктесі де болса, Оливер Лашенің соңғы мәресі әу баста сағымға толы, ал фильм жалғасқан сайын жолды болмыстың жалғыз тәсілі есебінде қалдырып, мүлдем жоғалып кетеді. Фильмдегі бұл жолды бірқатар жергілікті қақтығыстар сайып келгенде Үшінші дүниежүзілік соғысқа әкелетін асыра сілтеу шындығы ретінде де, өмір жолына жасалған үлкен метафора ретінде де қарастыруға болады. Бұл — қиындыққа толы, десе де нәтижесінде күмән атаулы толығымен сейілетін рухани жол.
Фильм — драмалық сын-қатер, себебі барлық сюжеттік желілер жарты сөзден-ақ үзіліп қалады. Десе де Лашенің картинасы өте әсерлі — серпантинді жолдардағы сапарлардың саспенсі ерекше ынтықтырады (құдды Клузоның «Қорқыныштың құнындағыдай»), ал шөл далада жаңғырған музыкамен сүйемелденетін саяхаттардың айрықша көркемдігін Джордж Миллер «Ессіз Максте» көрсеткен еді. Лаше қатыгез сахналармен таңғалдырып, техно-музыкаларды қолданадып, фильм кейіпкерлері мен көрермендерді трансқа баяу кіргізеді, соның арқасында бұл жұмыстың әр сахна сайын қайшылығы айқын бола түседі. Фильмді көргеннен кейін сұрақтар одан сайын қаулай түседі, бірақ көрерменді жауап іздеу үшін өз сапарына жіберу — басты мақсат та осы еді.
Кино бағдарламаның ақпараттық серіктесі: ‘98mag