Yoʻl kira: Орталық Азияның жаңа экспериментал киносы

“Yoʻl kira” өзбек тілінен аударғанда «жолақы» деген мағынаны білдіреді. Бұл алға жүріп, өз өткенін қабылдайтын біздің әрқайсысымыз төлейтін құн. Бағдарламаға жеке және тарихи жарақаттарды — мәдени амнезия, тіршіліктің осалдығын, тамырдан ажырау және экологиялық апаттарды пайымдайтын экспериментал фильмдер енді.
Balqaş Jyry
Artcom
Қазақстан, 2025, 20'
қазақша, орысша және ағылшынша субтитрлермен
Balqaş Jyry — Artcom әйелдер ұжымының фильмі, Care for Balkhash бастамасы аясында көпжылдық практиканың жалғасы. Фильмде Балқаш көліне үн бітіп, бейнелі кейіпке енеді. Су қозғалысы, жел тынысы және дала ырғағы арқылы Балқаш өз оқиғасын — отарлық, индустрияландыру және экологиялық зорлық салдарынан іргесі қақыраған табиғат пен адам арасындағы терең байланыс туралы баяндайды. Жырдың поэтикалық дәстүрі мен дала философиясы — қазақылықтан шабыт алған фильм Балқаш көлінің агенттігін, оның қарсыласу қабілеті мен қайта қалпына келу, сондай-ақ болашағына деген хақын қалпына келтіреді.
Параллакс
Анвар Сафо
Өзбекстан, 2025, 5'
орысша, ағылшынша субтитрлермен
1940–1980-ші жылдардағы мұрағаттық түсірілімдерден жасалған жад пен қабылдау туралы ой-толғау. Өткен шақ көзқарасқа байланысты жаңа мән-мағынаға ие болатын табылған үзінділер арқылы реконструкцияланады. Дәстүр уақыттың көмескі іздері мен жаңғырығында ғана сақталған, біртіндеп жоғалып бара жатқан махаллаға жасалған қысқа әрі терең әсерге бөлейтін саяхат.
Lady of heaven
Дария Андижан
Нидерланды, 2025, 9'
ұйғырша, ағылшынша субтитрлермен
«Бұл — Қытайдағы Шыңжаң өлкесіндегі концлагерьден жаңа ғана босап шыққан әжеммен кілем-ұшаққа мініп алып, аспанға жасаған саяхат. Біз көкке көтерілген сайын кілем шумер мифтерінің түстер мен үзік естеліктерден өрілген түс кілеміне айналып, Түркістандағы ана тарихының өткені мен бүгінін астастырады».
Shıqy
Жанар Берекетова
Қазақстан, 2025, 7'
диалогсыз
Шикі жұмыртқа табиғат және қала ландшафтары арасында қозғалып жүреді — домалайды, жарылып кетеді, ізім-ғайым жоғалады. Орта мен адам оның тәнін уақыт траекториясымен жетектеп, оған бағыт береді. Қарапайым әрекеттер нәзіктік пен темпоралдықты ырғақтық бақылауға айналады.
i saw clear faces in my dream last night
Сана Серкебаева
Қазақстан/Ұлыбритания, 2025, 2'
диалогсыз
Түс пен естелік туралы ой-толғау: өңі қашқан естеліктер мен ұмыт болу қойнауына баяу сіңіп бара жатқан шақтың жібімен бір-біріне тігілген үзік-үзік көріністер. Қазақтың бесік жыры жартылай ұмыт болған әлденеге — жадта сақталған дүниеге емес, сезімде өмір сүретін, ауада қалықтайтын, танылар-танылмас шекте дірілдеп тұрған дүниеге жетелейтін нәзік жіптей есіледі.
Бақытты ханзада
Саидамир Убайдуллаев
Өзбекстан, 2024, 17'
орысша, ағылшынша субтитрлермен
Бақытты болу қиынға түсетін ер адамның үш айлық өмірі туралы қысқа күнделік фильм.