Slavs and Tatars кітап танытымы: Simurgh Селф-Xелп (Self-Help)

Бір дәстүрді басқа тілге аудару нені білдіреді? Символ, жан-жануарлар, тіпті мифтік құсты аударуға бола ма?
Аталған сауалдар Slavs and Tatars ұжымының Simurgh Селф-Xелп (Self-Help) атты жаңа кітабының негізінде жатыр. Марсель Бротарстың Musée d’Art Moderne: Département des Aigles (1968–1972) атты негізгі туындысына мойын бұра отырып, ұжым билік, империя және беделдің символы саналатын бүркітті түркі және парсы мәдениет әлемінде кездесетін Самұрық құсына алмастырады.
Егер бүркіт көбіне мемлекеттілік және еркектік билікпен байланыстырылса, Самұрық трансұлттық, рухани және өзгермелі мүлдем басқа бейне ұсынады. Бұл алмасу енді тек Еуропа мен Солтүстік Америкаға ғана назар салмай, бүгінде көбіне-көп Таяу Шығыс, Орталық Азия және басқа аймақтардың институциялары және мәдени сахналары арқылы қалыптасатын заманауи өнер әлеміндегі өзгерістерді көрсетеді.
JRP | Editions арқылы басылып шыққан Simurgh Селф-Xелп (Self-Help) кітабы Ringier компаниясының 2025 жылға жылдық есебі ретінде арнайы тапсырысымен жүзеге асты. 1998 жылдан бері швейцариялық медиакомпания Филипп Паррено, Николь Айзенман, Лора Оуэнс және Валид Раад сынды авторлармен әріптестік орнатып, өнерпаздарды жылдық есеп форматын қайта пайымдауға шақырады.
2006 жылы негізі қаланған Slavs and Tatars ұжымы Еуразияны — Шығыс Еуропа, Орталық және Шығыс Азия арасындағы кеңістіктерді зерттеумен айналысады. Көрмелер, кітаптар, дәріс-перформанстар арқылы ұжым тілге, білім жүйесіне, танымал мәдениет пен өңірдің саяси тарихына назар салып, мәдени байланыстар мен дәстүрлерді қайта ой елегінен өткізу тәсілдерін ұсынады.