Суретшілер одағы

15.01.2026 - 19.04.2026
Көрме
Целинный

Екеуі де өнер адамы болған одақтарда бір мезетте трагедиялық, тартымды, нәзік  әрі мәңгілік  бір дүние бар. Мұндай жеке және кәсіби серіктестік қарым-қатынасты сан алуан қырларға бөледі, ол сәтті шығармашылық бірлестіктен бастап, тарихтың түрлі кезеңдеріндегі плагиат та, триумф та, сатқындық та, өлім мен мәңгілік те бой көрсететін бәсекелестікке дейін ұласады.

Артық романтизацияға берілуден аулақпыз, десе де, өнерпаз өз серігі ретінде басқа өнерпазды таңдағанда, екеуі де белгілі бір мағынада ерекше өмір жолына — өнерге қызмет етуге, оны жаратуға, жоюға немесе ұмытуға саналы түрде келісім береді. Бұл ереже, әсіресе, тәуелсіздігін жақында алған және мәдени экожүйесі әлі де дамып жатқан әрі әрқашан тұрақты бола бермейтін елдер үшін өте өзекті болып көрінеді.

Галереялар, бейіндік білім беру, музейлер, қорлар, резиденциялар немесе арт-жәрмеңкелер мүлдем жоқ немесе тапшы инфрақұрылым өнерпаздарға тұрақты қолдау мен мүмкіндіктер бере алмайды. Осы тұрғыдан алғанда, шығармашылық одақтар өзінше қалыптасқан құндылықтары, білім мен дағдылар жиынтығы бар, жауапкершілік пен ресурстарды бөлуді реттейтін және төменнен жоғары қарай өсіп шығатын, өзін-өзі қолдайтын шағын аралдар іспеттес бір "мемлекет ішіндегі мемлекетке" айналады. Мұндай ортада ішкі сын мен шынайы қолдау қатар жүреді. Сондықтан бұл одақтар түрлі дағдарыстарға, саяси режимдер мен идеологиялардың ауысуына қарамастан, ондаған жыл бойы өз өміршеңдігін сақтап келеді.

Өмірді тануға дәл өзіндей құштар адаммен жұп бола отырып, тәуелсіздікті сақтау тәсілі ретіндегі өнерпаздардың өз бетінше ұйымдасуы таңданыс тудырады. Әсіресе сезім мен парасаттың, жеке мен қоғамның, күнделікті тұрмыс пен эмоционалдық күйдің өзара тығыз астасып жатқанын ескерсек, бұл тіптен маңызды. Көп нәрсе ортақ дүниеге айналады, мәселен: шеберхана кеңістігі, қоймадағы туындылар, банктік шоттар, сондай-ақ мықты әрі еш ымыраға көнбейтін менмендік мінез.

Бұл ретте тек Қазақстанда ғана емес, жалпы Орта Азияда шығармашылық дуэттердің көптігі сондай, осы көрменің алдында жүргізілген шағын зерттеудің өзінде жиырмадан астамы бар екені анықталды және олардың басым бөлігі экспозицияға енді. Бұл жандар өзі өте ауқымды көрінетін бір-бірінің шығармашылық тіліне ғана емес, сонымен қатар өмір сүру тәжірибесіне де ықпал еткен және әлі де ықпал етіп келеді. Мұндай жағдай оларға үлкен жауапкершілік жүктейді, өйткені олардың шығармашылық процесі тіпті үйге келгенде де тоқтамайды. Отбасылық ортада да олар бір-бірі үшін әріптес, сыншы, цензор және кәсіби серіктес болып қала береді.

Жақында ғана Алматыда "Целинный" заманауи мәдениет орталығы мен Almaty Museum of Arts секілді екі ірі нысанның бой көтеруі бұл бақылаудың өзектілігін одан әрі арттыра түсті. Ел тарихы үшін маңызды, ал суретшілер үшін, шын мәнінде, салтанатты осы сәтте «институттарға дейінгі» кеңістікті айқындау үшін шығармашылық одақтар мен олардың ішінде туған туындыларға тереңірек үңілу қажеттігі туындайды. Өнердің ауқымды мәдени механизмдерден тыс, ешқандай қолдаусыз немесе мойындаусыз, көбіне бәріне қарама-қайшы әрі маргиналды, белгілі бір мағынада "қараусыз" күйде ұзақ жылдар бойы қалай өмір сүргенін зерделеу маңызды.

Бұл көрме — мәңгілікке өткен шақта қалатын уақыт туралы, өнер тарих қойнауына енбес бұрын оның басынан не кешетіні туралы, сондай-ақ суретшінің жалғыздықтан махаббатқа, тасадағы тірліктен институттарға, эксперименттен кәсібилікке дейінгі сапары туралы.

Көрме Ғалым Мадановқа арналады.

No items found.