Жел, мекенсіз жиһанкез. Кино бағдарлама

«Жел, мекенсіз жиһанкез» бағдарламасы екінші Korkut үн өнері Триенналесіне арналған. 5 көрсетілімнен тұратын тақырыптық кино бағдарламаның да қайнаркөзі желден бастау алып, оны зерттеуді бейне жазықтығына көшіреді.
Көзге көрінбейтінді қалай түсіруге болады? Фотограф Роберт Франктың Life Dances On фильмінде желді фотоға түсіруге тырысатын адамның образы бар. Ол жел қозғалтатын заттарды ғана түсіріп алады. Кино желді ұстап алу міндетіне бір табан жақындай түседі — жел қозғалтқан заттар экранда да қозғала бастайды. Жел мен кино бұл істе сыбайластарға айналады — табиғат құбылысы нысандарды қозғалысқа келтірсе, кино аталған қозғалыстарды таспалап отырады.
Бірақ режиссер таспаланған желді не істеуі керек? Көптеген фильмдерде біз сөзсіз нақты образ ретінде ойластырылмаған кездейсоқ желдің лебін табамыз. Ал негізінде керісінше, жел фильмдерді таңдайды. Ақындар мен жазушылар ғасырлар бойы желді әртүрлі мағынада қолданды: ол өзгеріс әкеледі, ізгі және суыт хабарлар жеткізеді, мұңға бөлеп, қуанышты алыстатады. Аталған мотивтер нарративті кинода да көрініс табады. Желдің қолға түспейтін материалдығы режиссерлерге оны өзіне қажетті кез келген мағынамен үндестіруге мүмкіндік береді — бірақ желге қатысты образ-автор иерархиясында образдың толық үстемдігі болмаса да, оның едәуір дербестігі сезіледі. Біз бұл бағдарламада желмен диалог орната алған және желдің арқасында өздері баяндағылары келген оқиғаларды анимация, дыбыс және құжаттама арқылы көрсеткен авторлардың фильмдерін жинақтадық.
Стефан Джорджевичтің «Менімен сөйлесші, жел» фильмінде жел режиссердің анасы жақында тәрк еткен отбасылық ұядағы ағаштардың жапырақтарын тербеп, осы шақ пен өткен шақ арасында көпір салатын өлілер әлемінің дәнекеріне айналады.
Оқиғалары көбіне ауылда немесе шалғай жатқан таулы елді мекендерде өрбитін қырғыз киносының тарихи тұрғыдан желмен айрықша байланысы бар. Ол сондай-ақ республика тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында жұмысын бастаған режиссерлердің фильмдерінде де айқын көрінеді: Ақтан Арым Қубат, Эрнест Әбдіжапаров пен Темір Бірназаров тек желге ғана ерекше зейін салып қоймай, оған мәселен, ауыл шындығының мозаикасы формасында ер жету оқиғасы болсын («Селкинчек»), махаббатың (әлде махаббатсыздықтың) абстрактілі беккеттік оқиғасы («Таранчы»), болмаса кескіндемелік, десе де тәуекелі көп жағдайда өрбитін деректі суреттемелер болсын («Сайтан көпір»), поэтикалық суреттемелерге де ерік береді.
Хаяо Миядзаки өзінің «Жел күшіне мінді» атты соғысқа қарсы шедеврінде желді екіұшты қолданады. Бір шетінен, ол бас кейіпкер — инженерді апаттың алдын алатын ұшақтар жасауға шабыттандырады. Атаудың негізіне айналған Поль Валеридің өлеңінен үзінді келтіру арқылы: «Жел күшіне мінді!.. Демек, өмір сүруге тырыс!» дей келе жолға мағына бітіріп, басты өмірлік қағидаға айналады. Екінші шетінен, күшіне мініп келе жатқан жел мәселен, инженердің туындысы іске жарайтын қара бұлттай төніп келе жатқан соғыс сынды сыртқы жағдайларды тізгіндеу беймүмкін екенін көрсетеді.
«Жел» фильмінде Виктор Шөстрөм дыбысты қолданбай-ақ шебер жұмыс істейді — құмды дауылдар визуалды образ ретінде көрініс табады, ал оның ұлығаны басты кейіпкердің үрейлі жанарында бейнеленеді. Мұнда жел жағдайларға қарсы тұрған жас қыз үшін еңсере алмайтын күш, тағдыр және қарғысқа айналады.
«Жел шаһары» атты моңғол туындысында Лхагвадулам Пурев-Очир бізге ата-бабалардың рухани әлемін материалды әлеммен байланыстыратын өткенде қалған әдет-ғұрыптарды жеткізетін жеп-жеңіл самал желді суыт әрі қатыгез заманауи өмірдің екпінді дауылы ұшырып әкететін Ұланбатыр шаһарын көрсетеді.